​Қазақстан жерлерінің шетелдік банктерде кепілде тұрғаны рас па?

0
2 289

Жерді кепілге қойып, қыруар қаржы алғандардың дені тіпті Қазақстан азаматтығынан баяғыда шығып кеткен.


​Қазақстан жерлерінің шетелдік банктерде кепілде тұрғаны рас па?

Қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан әлемдік қаржы ұйымдарына кепілге қойылған жер телімі көп дейді. Қасиетті қара топыраққа келгенде Қазақстан Үкіметі ондай келісімшарттарды біржақты бұзып, тез арада туған жерді банктің бұғауынан босату керек деп есептейді ол.

Бұл туралы ERNUR.KZ Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Жер реформасы жөніндегі комиссияның басты миссиясына Президенттің өзі нүкте қойып берді. Қазақтың жері шептелдіктерге сатылмайды, жалға да берілмейді! Жауапкершіліктің ендігі жүгі көптің ішінен іріктелген комиссия мүшелеріне артылып отыр.

"Комиссияның алдында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер қатынастар саласын дамыту мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеу міндеті тұр. Сондықтан ел басшылығы, комиссия мүшелері ақылдасып, нақты шешім қабылдайтынымызға ешқандай күмән жоқ". - дейді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Ералы Тоғжанов.

"Мұндай ақпарат халықтың баршасына айқын болғаны жөн. Менің кейбір қарсыластарым бұл талап жеке мәлімет туралы заңнамаға қайшы екенін алға тартып отыр. Олай емес, себебі жердің ауыл шаруашылығына арналған 99 пайызы мемлекеттің меншігі. Сондықтан бұл тұрғыда ешқандай жеке мәлімет туралы заңға қайшы емес», - дейді қоғам қайраткері, Мұхтар Тайжан.

Қоғам қайраткері көтерген келесі бір мәселе жекенің қолына өтіп кеткен жайылым, шабындық жерлер. Ал жер комитетінің әкімдерге сөзі жүре бермейді. Ауыл, аудан басшылары жерде өздері бөліп береді. Мұның зардабын мал асырап, жан бағып отырған ауылдағы ағайын тартып отыр.

"Ешкімді бастырмайды. Аяқты мал болғаннан кейін қайтсе де барады ғой енді. Иесін тауып алады да. Кәртішкеге түсіріп, қолма-қол прокуратураға звондап. Осылай азаматтардың ит-сілікпесін шығарады", - дейді Жалғызқұдық ауылының тұрғыны Әбсемет Сәтенұлы.

Бұл бір ғана мысал. Жер ресурстарын басқару комитетінің мәліметінше, қазір ауылдың малын жаюға 32 млн гектардан астам жайылым жетіспейді. Асыл тұқымды қой өсіретін Алмасбек Садырбаев та қазір ауыл халқында жер болмағандықтан, жастар қалаға көшіп, арба сүйреп жүр дейді. Фермер аграрлық салық мәселесін де көтерді.
"100 гектары бар менің Сағат ағам, ол кісінің салығы 247 есе өсіп кетіпті. Ал менің өте сыйлап құрметтейтін мырзалар отыр. Олардың салығы екі есеге төмен түсіп кеткен. Бірыңғай салықты сол үшін қарапайым халықты қанап, байлардың салығын түсіру үшін жасағанбыз ба?" , - деді "Шопан ата" қой өсірушілер қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаев.
Комиссия қарауына кезекті ұсынысты Мұрат Әбенов көтерді. Қоғам қайраткері жерді өзге түгелі өз азаматтарымыздың меншігіне беруге қарсы екен.
«Қарсы болатын себебім, азаматтардың 99 пайызы ауыл шаруашылығы жерін иеленбеген. Кезінде жер бөлінгенде басы-қасында болмаған, оған қызықпаған. Сол азаматтардың 99 пайызы жер мәселесіне араласуы тиіс», - дейді Мұрат Әбенов.
Ауыл шаруашылығына жарамды шұрайлы жерлердің біразы қазақстандық банктерде тұрмақ, шетелдік банктерде кепілде тұр екен. Қазақстан фермерлер одағының төрағасы Жигули Дайрабаев осы мәселеге алаңдаулы. Жерді кепілге қойып, қыруар қаржы алғандардың дені тіпті Қазақстан азаматтығынан баяғыда шығып кеткен.
"Өкінішке қарай, мыңдаған, миллиондаған жерлер банктерде кепілде тұр. Әсіресе, шетелдің банктерінде кепілде тұрған жерлер мәселесі үлкен проблема. Меніңше, үкімет осы келісімшарттарды біржақты бұзып, ол жерлерді мемлекет меншігіне қайтаруы қажет" - дейді Қазақстан фермерлер одағының төрағасы, Жигули Дайрабаев.
Әрбір қазақстандыққа 10 сотық жер беру. Бұл туралы "Жер кодексінде" жазулы. Заңгер Марат Бәшімов кодекс басқа заңдардан жоғары болғандықтан, нормалар міндетті түрде орындалуы қажет деген сауал тастады. Комиссия төрағасы Ералы Тоғжанов мұның барлығы бір-ақ күнде шешілетін мәселе емес деп қысқа қайырды. Келелі кеңесте көтерілген мәселелердің бір парасы ғана бұл.
Әлбетте бар түйткілді бір ғана отырыста жіліктеп шығу мүмкін емес әсте. Жер әр қазақтың жанды жері. Атадан қалған мұрасы. Атойлап басталып, арты сиырқұйымшақтанып кетпесе игі.