Мемлекеттік комиссияның шешімімен 4 мамырдан бастап далада спортпен шұғылданып, жаттығу жасауға рұқсат етіледі.
ERNUR.KZ. Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия барлық өңірде 4 мамырдан бастап жұмысқа кірісетін нысандардың тізімін бекітті, деп жазады Sputnik Қазақстан.
Сонымен, аумағы 500 шаршы метрге дейінгі азық-түлік cатпайтын дүкендер сағат 17:00-ге дейін жұмыс істейтін болады. Фотосалондар, гүл сататын дүңгіршектер де ашылады.
Шаштараз және медицина орталықтары, стоматологиялық клиникалар алдын ала жазылу бойынша жұмыс істейді.
Жылжымайтын мүлікке қатысты операцияларды жүзеге асыратын компаниялар, жарнама агенттіктері, адвокаттар, нотариустар мен шағын қаржы ұйымдары, сақтандыру компаниялары, ломбардтар, айырбастау пункттері, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар компанияларының жұмысы жанданады.
Сонымен қатар, 4 мамырдан бастап далада спортпен шұғылданып, жаттығу жасауға рұқсат етіледі.
Айта кетейік, Қазақстанда төтенше жағдай 16 наурызда енгізілді. Ол 11 мамырға дейін жалғасады.