Алайда, ақбөкенді аулау оқиғасы азаймай тұр.
ERNUR.KZ. Ақбөкен саны былтырғы жылмен салыстырғанда 55 пайызға өсіп, 334 мың басқа жетті. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев осындай мәлімет келтірді, деп жазады ҚазАқпарат.
«Жануарлар дүниесі саласында сирек кездесетін және жойылып бара жатқан тұяқты жануарлар, әсіресе, ақбөкендерді сақтау және көбейту жұмыстары жүргізілуде. Ақбөкендерді көбейтудің оң динамикасы байқалып отыр. Ақбөкен саны былтырғы жылмен салыстырғанда 55 пайызға өсіп, 334 мың басқа жетті», - деді Мағзұм Мырзағалиев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Алайда министр ақбөкенді аулау оқиғасы азаймай тұрғанын айтады. Мәселен, биыл 63 браконьерлік фактісі анықталып, 1058 мүйіз және 650 ұшасы тәркіленген.
«Өкінішке қарай, бүгін де браконьерлік ұйымдасқан қылмыс түріне айналды. Оны 3 инспектордың мерт болуы, соған байланысты туындаған қоғамдық пікірлер айғақтайды. Браконьерлікке қарсы іс-қимыл және заңнаманы қатаңдату жөніндегі шараларды күшейту мәселесі Мемлекет басшысының ерекше бақылауында. Министрлік Бас прокуратурамен, Ішкі істер министрлігі және Ұлтық қаіпсіздік комититетімен бірлесіп тиісті шараларды пысықтады. Қазір Парламент Сенатында қылмыстық заңнаманы жетілдіру мәселелері жөніндегі заң жобасы қарастырылып жатыр. Онда мемлекеттік инспекторларға қатысты күш қолданғаны үшін жауапкершілік айтарлықтай күшейеді», - деді ол.
Мағзұм Мырзағалиев заңнаманы жетілдірумен қатар, инспекторлардың біліктілігін арттыру мен материалдық-техникалық жарақтандыру жұмыстары қолға алынғанын, тиісті оқу курстары мен тренингтер өткізілгенін айтып өтті.
«Қазір Мемлекет басшысы экологияға аса мән беріп отырғаны белгілі. Халық үшін де маңызы зор бұл жұмыстар алдағы жылы өз жалғасын табады. Барлық қойылған міндеттер мен мақсаттар 100 пайыз іске асады деп сенемін», - деді министр.