ERNUR.KZ. Қазақстанда "Масс-медиа туралы" жаңа заң жобасы әзірленді, ол қолданыстағы "БАҚ туралы" заңның орнын ауыстыруы тиіс, деп жазады tengrinews.kz.
"Ашық НҚА" порталында "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы пайда болды. Құжатта Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің бірқатар баптарына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, "БАҚ" термині "масс-медиа" деген терминмен ауыстырылды.
Мәдениет министрлігі мәліметінше, заң жобасын әзірлеу аясында Қылмыстық кодекске "масс-медиа" ұғымын енгізуге байланысты ұқсас түзетулер енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Министрлік жаңа заң қабылданғаннан кейін Қазақстан "БАҚ" ұғымынан бас тарта ма деген сұраққа да жауап берді.
"Масс-медиа туралы" жаңа заң қабылданғаннан кейін елімізде "БАҚ" және "масс-медиа" терминдері қатар қолданылады", - деп жазылған Мәдениет министрлігі жауабында.
Қазақстанда БАҚ жұмысын реттейтін жаңа заңда масс-медиа, масс-медиа өнімдері (мысалы, баспа басылымының, аудио немесе бейне нөмірінің таралымы, интернет-ресурста орналастырылған ақпарат), бұқаралық ақпарат құралдары, БАҚ өнімдері сияқты ұғымдар жазылады.
Сонымен қатар, әлеуметтік желілер бұқаралық ақпарат құралдары санатына жатпайды, өйткені елімізде әлеуметтік желілердің жұмысын реттейтін "Онлайн платформалар және онлайн-жарнама туралы" жеке заң бар. Яғни, блогер өзінің әлеуметтік желідегі аккаунты БАҚ қызметін атқарады деп айта алмайды.


