Қазақстанда мемлекеттік қызметшілерге құмар ойындар мен бәс тігуге қатысуға заңмен тыйым салынған.
фото: Санат Имангалиев
ERNUR.KZ. Жамбыл облысының Жуалы ауданында құмар ойындарға қатысқаны үшін төрт мемлекеттік қызметші жұмыстан босатылды, деп жазады sputnik.kz.
Облыстық прокуратураның мәліметінше, жергілікті атқарушы органның лауазымды тұлғалары букмекерлік кеңсенің мобильді қосымшасы арқылы тұрақты түрде ақша тігіп отырған.
"Заңмен белгіленген тыйымға қарамастан, олар құмар ойындарға қатысуын жалғастырған. Осылайша мемлекеттік қызмет туралы заңнама талаптарын бұзып, мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтірген", - деп жазылған хабарламада.
Мәселен, жергілікті атқарушы органның бір бас маманы ойын шотына 23 млн теңгеден астам қаражат аударған.
Тәртіптік комиссияның шешімімен төрт мемлекеттік қызметші жұмыстан босатылды.
Айта кетері, 2024 жылдың 9 қыркүйегінен бастап Қазақстанда мемлекеттік қызметшілерге құмар ойындар мен бәс тігуге қатысуға заңмен тыйым салынған.


