​Қазақстанда автокөлік құжаттарын онлайн рәсімдегендер саны өсті

0
789

Электронды үкімет порталы арқылы көлігін тіркеп, жүргізуші куәлігін ауыстырған жүргізушілер онлайн жүйенің тиімді әрі пайдалану жеңіл екенін айтады.


​Қазақстанда автокөлік құжаттарын онлайн рәсімдегендер саны өсті

Автокөлік құжаттарын электронды түрде рәсімдеген қазақстандықтар саны күрт өсті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының статистикалық деректеріне сәйкес, 2019 жылы онлайн әдіспен рәсімделген жүргізуші куәліктерінің саны бірден 8 есе, ал қайта тіркеуге қойылған автокөліктер саны 20 есе артқан.

Мысалы, 2018 жылы жүргізуші куәлігін онлайн түрде 19 409 қазақстандық рәсімдесе, былтырғы жылы жүргізуші куәлігін электронды өтініш арқылы ауыстыруды қалағандар саны 153 мыңнан асты. Сондай-ақ онлайн түрде көлікті қайта тіркеуге қою қызметтерінің көрсеткіші де жоғары болған: 2019 жылы бұл қызмет 100 мың рет пайдаланылса, 2018 жылы бұл көрсеткіш тек 5 мыңды құраған.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрайымы Әсемгүл Балташеваның айтуынша, бүгінде қазақстандықтардың дені ХҚО-ға бармай-ақ, қызметті өз бетінше алуды қалайды. «Қызметтерді онлайн алу – бүгінде өзіндік трендке айналды. Азаматтарымыздың электронды түрде қарапайым анықтамаларды ғана алып қоймай, онлайн автокөлік қызметтеріне сұраныс білдіріп жатқаны қуантады. Олар цифрландырудың барлық артықшылығын лайықты бағалап, қызметтерді мамандандырылған ХҚО-дан гөрі электронды үкімет порталынан жиі ала бастады», – дейді басқарма төрайымы.