Қазақстанда азық-түлікпен қамтамасыз ету бойынша ұлттық желі құрылады

0
894

​Павлодар, Алматы және Түркістан облыстарында ауыл шаруашылығы тауарларын сақтауға бағдарланған 5 көтерме-тарату орталығы салынады.


Қазақстанда азық-түлікпен қамтамасыз ету бойынша ұлттық желі құрылады

ERNUR.KZ. Азық-түлікпен қамтамасыз ету проблемаларын шешу үшін ұлттық тауар өткізу желісін құру ұсынылды. Бұл туралы сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов мәлімдеді, деп жазады Sputnik Қазақстан.

Министрдің айтуынша, ұлттық тауар өткізу желісі көтерме-тарату орталықтарының бірыңғай кешенінен құралады.

"Бұл – экожүйе өндіруші мен тұтынушыны жақындататын экономикалық кластер. Сондай-ақ бірыңғай тетікті құрай отырып, республиканың сауда инфрақұрылымына қосылады", - деді Сұлтанов үкімет отырысында.
Көтерме-тарату орталықтары өнімді сақтау және қайта өңдеу, тарату мен өткізуге дейінгі мамандандырылған қызметтерді ұсынады.
"Бұл инфрақұрылым өнімді жеткізудің тиімді көлік-логистика бағыттарын құруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ЕАЭО, Орталық Азия және Қытайға экспорттық-импорттық операциялар жүзеге асырылады, бұл өткізу нарығын кеңейтеді", - деді министр.
Ол барлық өңірде көтерме-тарату орталықтарының желісін құру жоспарда бар екенін атап өтті. Тауар өткізу жүйесін 3 кезеңде жүзеге асыру ұсынылып отыр.
Бірінші кезеңде ауыл шаруашылығы тауарларын сақтауға бағдарланған 5 көтерме-тарату орталығы Павлодар, Алматы және Түркістан облыстарында салынады.
"Келесі екі кезеңде, республикалық бюджеттің шектеулі мүмкіндіктерін, сондай-ақ, көтерме-тарату орталықтарының ауқымын ескере отырып, мемлекеттік-жекешелік әріптестік механизмін қолданамыз", - деді Сұлтанов.
Оның айтуынша, жоба құны 237,5 миллиард теңгені құрайды.
Объектілерді салуға отандық жобалау және құрылыс компаниялары тартылады.
"Біз әкімдіктермен алғашқы екі кезең үшін жер телімдерін бөлу мәселесін пысықтадық. Қалған 15 нысан бойынша қысқа мерзімде жұмыс жүргізіледі", - деді ведомство басшысы.
Құрылыс жұмыстары карантин аяқталғаннан кейін басталады.