Дәрігердің айтуынша, ата-аналары балаларды ауруханаға кеш жеткізген.
ERNUR.KZ. Қазақстанда кавасакиден 2-3 жасар екі бала шетінеді. 30 қыркүйекте "Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының" басқарма төрайымы Риза Боранбаева айтты, деп жазады Азаттық.
Дәрігердің айтуынша, ата-аналары балаларды ауруханаға кеш жеткізген. Бұған қоса, екі сәбиде қосымша сырқат болған, бірі "қызыл жегімен" ауырған. Дәрігерлер оларды аман алып қала алмаған.
Дәрігерлердің айтуынша, кавасаки - коронавирустан жазылып шыққан балалар арасында кездесетін ауру. Шетінеген екі сәби бірнеше апта бұрын Covid-тен жызылып шыққан.
Риза Боранбаеваның айтуынша, Қазақстанда "кавасакиге ұқсас мультижүйелі қабыну синдромына" 41 бала шалдыққан. Олардың бәрінің ағзасынан коронавирусқа қарсы антидене анықталған. Науқастардың 37-і жазылған.
- Коронавирус жұқтырып, жеңіл түрімен ауырған балалар кавасакиге ұқсас мультижүйелі қабыну синдромына шалдығуы мүмкін. Бала ауырып-жазылған соң, екі-алты апта аралығында денесі бөртіп, қызуы көтерілсе бірден дәрігерге қаратыңыз. Дер кезінде диагноз қойылып, дереу емдесе жазылып кетуі мүмкін - дейді дәрігер.
Елде алғаш рет кавасакиге ұқсас мультижүйелі қабыну синдромы тамыздың 4 тіркелген. Екі ай ішінде 41-ке жеткен.