Қазақстанда металл сынықтарын экспорттауға тыйым тағы ұзартылды

0
112

Бұйрық 2026 жылғы 1 мамырдан бастап күшіне енеді.


Қазақстанда металл сынықтарын экспорттауға тыйым тағы ұзартылды

Фото: pixabay

ERNUR.KZ. Өнеркәсіп және құрылыс министрі 2026 жылғы 14 сәуірде қара және түсті металл сынықтары мен қалдықтарын экспорттауды реттеу мәселелері жөніндегі бұйрыққа қол қойды, деп жазады zakon.kz.

Құжатқа сәйкес, Қазақстан аумағынан барлық көлік түрлері арқылы алты ай мерзімге келесі өнімдерді сыртқа шығаруға тыйым салынады:

  • мыс, алюминий, қорғасын және құрамында қорғасын, кадмий немесе сынап бар өзге де металл сынықтары мен қалдықтары, сондай-ақ сұрыпталмаған не аталған заттар жоқ қалдықтар;
  • қара металл сынықтары мен қалдықтары, қайта балқытуға арналған құймалар (шихта), пайдаланылған құбырлар, рельстер, теміржол инфрақұрылымының элементтері және жылжымалы құрам бөлшектері.

Бұйрық 2026 жылғы 1 мамырдан бастап күшіне енеді.

Айта кетейік, Қазақстанда қара және түсті металл сынықтарын экспорттауға тыйым өткен жылдан бері қолданылып келеді және оның мерзімі бірнеше рет ұзартылған.