Бұл елдің мұнай-газ қорын ұлғайтуға мүмкіндік бермек.
Фото: freepik.com
ERNUR.KZ. Қазақстанда мұнай-газ кен орындарын игеріп жатқан компанияларға жер қойнауын 5 мың метрге дейін тереңдетіп қазып зерттеуге рұқсат беріледі. Парламент Мәжілісі «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодексіне көмірсутектер мен уран саласындағы жер қойнауын пайдалануды жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екінші оқылымда қабылдады, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Заң жобасын екінші оқылымға дайындау барысында депутаттар министрліктермен, ұлттық компаниялармен және бизнес өкілдерімен бірігіп, жер қойнауын көбірек зерттеу мен жаңа кен орындарын табуға бағытталған өзгерістерді талқылаған. Мақсат – Қазақстанның пайдалы қазбалар қоры азайып кетпеуі үшін жаңа мұнай, газ және басқа ресурстарды іздеу мен барлауды күшейту.
«Қазіргі кезде қолданыстағы өндіру учаскесінің шегінде терең көкжиектерді барлауға жер қойнауын пайдалану құқығын тек аукцион арқылы алуға болады. Бұл норманың өзіндік қиын тұстары бар. Егер аукцион нәтижесі бойынша терең көкжиектерді барлауды жаңа жер қойнауын пайдаланушы ұтып алса, онда оған сол кен орнында жұмыс жүргізіп отырған жер қойнауын пайдаланушының инфрақұрылымын пайдалану қиынға соғады. Осыған орай жаңа норма мұнай-газ кен орындарын игеріп отырған жер қойнауын пайдаланушыларға қолданып отырған учаскелерін (тау-кен алаңдарын) 5000 метрге дейін тереңдетуге құқық беру жаңа кен орындарын іздеуге ынталандырады», - дейді Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Еділ Жаңбыршин.
Қазір мұнай-газ кен орындарының айналасындағы терең қабаттарды зерттеу үшін компаниялар міндетті түрде аукционға қатысуы керек. Бірақ бұл жүйенің бір кемшілігі бар: егер аукционды басқа компания ұтып алса, ол бұрынғы компанияның инфрақұрылымын пайдалана алмайды. Бұл – ыңғайсыз әрі қымбатқа түседі.
Енді депутаттар сол кен орнында бұрыннан жұмыс істеп жатқан компанияға, егер ол қаласа, жер қойнауын 5000 метрге дейін терең қазып зерттеуге рұқсат беруді көздеп отыр.
Осылайша компаниялардың жаңа мұнай және газ қабаттарын табуға қызығушылығы артады, мемлекет жаңа геологиялық ақпарат алады және елдің мұнай-газ қоры ұлғаяды.


