Қазақстанда номиналы 1 000 теңге болатын мерейтойлық банкнота айналымға шығады

0
155

Банкноталардың түсі – қоңыр-сарғылт.


Қазақстанда номиналы 1 000 теңге болатын мерейтойлық банкнота айналымға шығады

ERNUR.KZ. Қазақстан Ұлттық Банкі 2025 жылғы 9 мамырда Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арнап номиналы 1 000 теңгелік мерейтойлық банкнотаны айналымға шығарады. Банкноталардың таралымы 5 миллион данамен шектелген.

«9 мамыр – бүкіл әлем үшін айтулы күн. Қазақстан Жеңіске қомақты үлес қосты. Республикадан 1,2 миллионға жуық адам жұмылдырылды, бұл сол кездегі жалпы халықтың шамамен – 20%-ы. Отандастарымыз жаяу әскерде, танк бөлімшелерінде, авиация мен флотта ерлікпен шайқасты. Қаһарман отандастарымыздың ерлігіне құрмет таныту үшін Ұлттық Банк ұлттық валютада мерейтойлық банкнотаны айналымға шығарғалы отыр», – делінген банк хабарламасында.

Банкноталардың түсі – қоңыр-сарғылт.

Алдыңғы бетінде:

– Даңқ мемориалы бейнеленген, Отан үшін жан қиған батырларға көрсетілген құрмет белгісі – 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақта орналасқан.

- Микро-оптикалық қорғаныс жолағы. Банкнота бұрышын өзгерткен кезде жолақта тереңдіктің, көлемнің және жылтырдың үш өлшемді әсері, сондай-ақ мәңгілік алау мен ұшып бара жатқан тырналар көрінеді. Тырналар силуэті – жақсылық пен үміттің бейнесі – өмірді суреттейді.

Екінші бетінде:

- тарихи мұрағаттық фотосуреттердің үзінділерімен Қазақстан картасы бейнеленген. Суреттерді Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап комитетінің «Орталық мемлекеттік кино-фото құжаттар және дыбыс жазбалары архиві» РММ ұсынды.

- ерлік, табандылық пен батырлықтың символы ретінде Отан соғысы ордені бейнеленген.

Номиналы 1 000 теңгелік мерейтойлық банкнота өз құнына сай Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында төлемнің барлық түрі бойынша қабылдануға жатады. Сондай-ақ банктік шотқа салуға, Қазақстан Республикасының барлық банкінде аударуға және ұсақталуға міндетті.