Қазақстанда спорт, өнер және қосымша білім беру бағыттары бойынша бірыңғай ваучер жүйесінің пилоттық жобасы іске қосылады

0
161

Жаңа жүйенің басты қағидаты – ваучер білім беру ұйымына емес, тікелей балаға беріледі.


Қазақстанда спорт, өнер және қосымша білім беру бағыттары бойынша бірыңғай ваучер жүйесінің пилоттық жобасы іске қосылады

ERNUR.KZ. Мемлекет жыл сайын балалардың шығармашылық үйірмелерге, спорттық секцияларға және қосымша білім беру бағдарламаларына қатысуын қаржыландырып келеді. Алайда жүргізілген тексерістер барысында бірқатар күрделі заңбұзушылықтар анықталды, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі.

Заңбұзушылықтарды болдырмау және балалар үшін қауіпсіз әрі сапалы жағдай жасау мақсатында 2025 жылғы 1 маусымнан бастап бірыңғай ваучер жүйесін енгізу бойынша пилоттық жоба іске қосылады. Ол Астана, Шымкент, Қарағанды, Қызылорда, Атырау және Ақтөбе қалаларында жүзеге асырылады.

Аталған жүйе мемлекеттік және жекеменшік спорттық секциялары, шығармашылық үйірмелері мен қосымша білім беру курстарын бірыңғай цифрлық платформаға біріктіреді.

Жаңа жүйенің басты қағидаты – ваучер білім беру ұйымына емес, тікелей балаға беріледі. Бұл баланың спорт, өнер және білім беру бағыттары арасында еркін ауысуына мүмкіндік береді және бұрынғыдай қайта кезекке тұру немесе қаржыландырудан айырылып қалу жағдайларын болдырмайды.

Платформаны әзірлеу барысында әр өңірдің ерекшелігі мен шығармашылық, спорттық және білім беру қызметтерініндегі айырмашылықтар ескерілетін болады.

Бірыңғай ваучердің екі түрі қарастырылған:

  • Нысаналы ваучер – мемлекеттік мекемелерге арналған және кезекке тұруды қажет етпейді;
  • Әмбебап ваучер – баланың ата-анасы eGov.kz порталы арқылы жекеменшік немесе мемлекеттік емес ұйымды таңдай алады. Мұндай ваучер бойынша кезек баланың жасы мен отбасының әлеуметтік мәртебесіне сәйкес қалыптасады және бұл ресурстарды әділетті бөлуге мүмкіндік береді.

Жаңа ережелерге сәйкес, үйірмелер мен секцияларда балалардың қауіпсіз және сапалы дамуын қамтамасыз ету үшін қауіпсіз инфрақұрылым, санитарлық және өртке қарсы нормалардың сақталуы, бекітілген білім беру бағдарламалары мен білікті мамандар болуы қажет. Бюджеттік қаражат тек мақсатына сай пайдаланылуы тиіс. Қатысушылардың келуі күнделікті цифрлық форматта тіркеледі, ал бірыңғай платформа қаражаттың жұмсалуын ашық көрсетуді, процестерді автоматтандыруды, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдері мен алаяқтық схемаларын азайтуды қамтамасыз етеді.

Жобаны Мәдениет және ақпарат министрлігі (шығармашылық бағыт бойынша), Туризм және спорт министрлігі (спорттық секцияларды үйлестіру), Оқу-ағарту министрлігі (қосымша білім беру бойынша), Цифрлық даму министрлігі (техникалық сүйемелдеу) бірлесіп жүзеге асырады.