Энергетика министрлігі шекті бағаны Ұлттық экономика министрлігінің келісімімен тоқсан сайын бекітеді.
ERNUR.KZ. 2020 жылғы 3-тоқсанда сұйытылған мұнай газын көтерме саудада өткізудің бағалары қосылған құн салығын (ҚҚС) есепке алмағанда 28 000 теңгені құрайды, деп жазады ҚазАқпарат.
«Газ және газбен жабдықтау туралы» ҚР Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының ішкі нарығында электрондық сауда алаңдарынан тыс сұйытылған мұнай газын жеткізу жоспары аясында саудаланатын сұйытылған мұнай газының шекті бағалары мемлекет тарапынан реттеліп отырады.
«Энергетика министрлігі шекті бағаны Ұлттық экономика министрлігінің келісімімен тоқсан сайын бекітеді және ол Қазақстан Республикасының барлық аумағында қолданылады. Шекті баға 2018 жылдың І-тоқсаны - 2020 жылдың І-тоқсаны аралығында ҚҚС есебінсіз тоннасына 38 701,67 теңге деңгейінде сақталды. Шекті баға 2020 жылдың 3-тоқсанында ҚҚС есебінсіз тоннасына 28 000 теңге деңгейінде белгіленді. Бұрын, шекті баға 2017 жылдың 1-тоқсанында ҚҚС есебінсіз тоннасына 28 000 теңге деңгейінде белгіленген болатын», - деп атап өтеді министрліктен.
Бұл ретте, министрлік бекітетін шекті бағалардың деңгейіне әсер ететін сыртқы нарықтағы бағалар шамадан тыс құлдыраған жағдайда отандық өндірушілер үшін салдарды барынша азайту мақсатында шекті бағаны 2017 жылдың 1-тоқсанында белгіленген бағалар деңгейінен, яғни ҚҚС-сыз тоннасына 28 000 теңгеден төмендеуге жол бермеу жөнінде тиісті нормалар көзделген.