Үнемделген қаражат басқа әлеуметтік маңызы бар жобаларға бағытталады.
ERNUR.KZ. Қаржылық мониторинг агенттігі тиімсіз жобаларды 5,1 млрд теңгеге қаржыландыруға жол бермеді, деп жазады sputnik.kz.
Агенттік ақпаратынша, Қызылордада Сырдария өзенінің арнасын тазартуға 5 млрд теңге қарастырылған. Алайда жобаның сапасыз жоспарлануына байланысты тазалау жұмыстарынан кейін қатты ағын мен желдің әсерінен өзен арнасы қайтадан ластанып, толып қалған.
Қаржылық мониторинг агенттігінің өңірлік департаменті қабылдаған шаралардан кейін әкімдік 3,7 млрд теңге мөлшерінде игерілмеген қаражатты басқа әлеуметтік мақсаттарға бағыттады.
Сондай-ақ, Көкшетау қаласының Станционный кентінде 1,4 млрд теңгеге 160 орындық мәдениет үйін салу жоспарланған. Бірақ жобаның бастапқы құны 910 млн теңгені құраған, ал басқа елді мекендерде осыған ұқсас нысандардың құны айтарлықтай төмен болған.
"Осыған байланысты Көкшетау қаласының әкімдігі шартты бұзу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Үнемделген қаражат есебінен басқа да әлеуметтік маңызы бар жобалар қаржыландырылады", - деді агенттіктегілер.
Ведомство ірі объектілер мен инфрақұрылым құрылысының құнын арттыру фактілеріне мониторинг жүргізу жұмысын жалғастырады.