Қазақы тазы мен төбет – халқымыздың мәдени мұрасының ажырамас бөлігі саналады.
Фото: akorda.kz
ERNUR.KZ. Қазақстанда мерекелік күндер қатары тағы бір жаңа датамен толықты. Үкіметтің 2026 жылғы 15 сәуірдегі қаулысымен тиісті тізбеге өзгерістер енгізілді, деп жазады zakon.kz.
Құжатқа сәйкес, енді жыл сайын 3 қыркүйекте Қазақ тазысы мен төбеті күні атап өтілетін болады. Бұл күн ұлттық ит тұқымдарын сақтау, оларды қорғау және насихаттау мақсатында енгізіліп отыр.
Қазақы тазы мен төбет – халқымыздың мәдени мұрасының ажырамас бөлігі саналады. Тазы – аңшылықта пайдаланылатын жүйрік әрі төзімді ит болса, төбет – мал мен үй-жайды қорғайтын, батыл әрі сенімді күзетші ретінде кеңінен танымал.
Жаңа мереке осы асыл тұқымды иттерге деген құрметті арттырып, олардың генетикалық қорын сақтауға, сондай-ақ ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған.
Айта кетейік, аталған қаулы 2026 жылғы 28 сәуірден бастап ресми түрде күшіне енеді.


