Қазақстанда жаңа Ұлттық сыйлық пайда болады - Президент жарлыққа қол қойды

0
114

Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.


Қазақстанда жаңа Ұлттық сыйлық пайда болады - Президент жарлыққа қол қойды

фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы "Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы" Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды ERNUR.KZ Ақордаға сілтеме жасап.

Адами капиталды дамыту, қоғамның зияткерлік және мәдени әлеуетін нығайту, білім беру, тәрбиелеу және оқу-ағарту ісінің негізгі элементі ретінде кітап оқу мәдениетін насихаттау, зерделі ұлт қалыптастыру, сондай-ақ шығармашыл, жасампаз және бәсекеге қабілетті тұлғаны дамыту үшін жағдай жасау мақсатында Президент мәдениет, білім және инновация салаларындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын айқындауды қаулы етті:

  • кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру;
  • оқырмандарға арналған заманауи инфрақұрылымды дамыту: цифрлық құралдарды кеңінен қолдана отырып, жаңа форматтағы кітапханалар, қоғамдық кеңістіктер құру;
  • туындылары жас ұрпақты Қазақстан Республикасы Конституциясының негізгі қағидаттары мен ережелерін құрметтеу рухында тәрбиелеуге ықпал етіп жүрген отандық жазушылар мен ақындарды қолдау;
  • баспагерлер мен кітап өнімін таратушылардың мемлекет үшін пайдалы қызметтерін ынталандыру;
  • ұлттық әдеби мұраны ел ішінде және шетелде насихаттау.

Жарлықты іске асыру үшін Қазақстан Үкіметіне бірқатар тапсырма берілді. Олардың қатарында — жаңа форматтағы кітапханалар, көпфункционалды қоғамдық кеңістіктер құруды, заманауи ақпараттық жүйелер мен сервистер ендіруді қоса алғанда, оқырман инфрақұрылымын жаңғыртуды қамтамасыз ету бар. Сонымен қатар, 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін Министрлер кабинеті мыналарды орындауы тиіс:

  • "Кітапхана және кітап шығару ісі туралы" жаңа заң жобасын әзірлеу;
  • кітап оқу мәдениетін дамытудағы жетістіктері үшін Ұлттық сыйлық тағайындау;
  • бірыңғай қолжетімді Ұлттық цифрлық кітапхана платформасын құру.

Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.