Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин бір ай ішінде барлық өңірде газ-техникалық инспекцияны құруды тапсырды.
ERNUR.KZ. Жыл сайын газдан улану салдарынан 20-дан астам адам қаза болады. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин айтты, деп жазады ҚазАқпарат.
«Жыл сайын табиғи және сұйылтылған газдан улану салдарынан 20-дан астам адам қаза болады. Ал газ баллоны құрылғысының жарылуынан топтасқан адам өлімі мен жарақаттану оқиғалары орын алады. Мәселен, өткен жылғы 9 желтоқсанда Алматы облысының Жаркет қаласындағы дәмханада («Bueno») газды ауа қоспасының жарылуы орын алып, салдарында нысан опырылып құлады. Дәмхананың 7 жұмысшысы жарақат алды, үйдің 120 тұрғыны қауіпсіз жерге көшірілді», - деді министр Үкімет отырысында.
«Биыл 1 қарашада Жамбыл облысында табиғи газ пешінің түтіндік құрылғысының бұзылуынан 2 адам қаза тауып , үшеуі уланды. Олар ауруханада ауыр халде жатыр», - деді Ю. Ильин.
Оның сөзіне қарағанда, «Газ және газбен жабдықтау туралы» заңға сәйкес, тұрмыстық және коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылардың газ пайдалану жүйелері мен газ жабдығын қауіпсіз пайдалану талаптарының сақталуын бақылау жергілікті атқарушы органдарға жүктелген.
«Бұл ретте тек Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларының, Қостанай және Ақмола облыстарының жергілікті билік орындарымен газ-техникалық инспекциялары құрылды, қалған өңірлерде функция ТКШ бөлімшелеріне жүктелген. Алайда, бұл жұмыс олармен жүргізілмейді», - деді ведомство басшысы.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин бір ай ішінде барлық өңірде газ-техникалық инспекцияны құруды тапсырды.