Қазақстанда жыл сайын 3 мың бала семіздікке шалдығады — ДСМ

0
205

Министрлік скринингті жаңаша форматта іске асыруды бастады.


Қазақстанда жыл сайын 3 мың бала семіздікке шалдығады — ДСМ

Фото: © freepik.com

ERNUR.KZ. Қазақстанда созылмалы аурулардан болатын өлім-жітімді азайту үшін Денсаулық сақтау министрлігі скринингтік тексерулерге жүйелі өзгерістер енгізіп жатыр, деп жазады Azattyq Rýhy.

Шымкент қаласында өткен Министрліктің көшпелі алқа отырысында инфекциялық емес аурулармен күрес жолдары талқыланды. Бұл аурулар – Қазақстандағы өлім-жітімнің басты себептері.

Қауіп факторлары

Вице-министр Ержан Нұрлыбаевтың айтуынша:

  • Қан қысымы жоғары 1,7 миллионнан астам адам тіркеуде тұр
  • Жыл сайын 6 мың ересек пен 3 мың бала семіздікке шалдығады

ИАА қауіпін арттыратын негізгі факторлар:

  • дұрыс тамақтанбау (72%)
  • темекі шегу (21%)
  • алкоголь тұтыну және физикалық белсенділіктің аздығы
«Бұл көрсеткіштер – халықтың өмір сүру сапасын төмендететін маңызды индикаторлар», – деді Ержан Нұрлыбаев.

Онкологиядан өлім азайғанымен, қауіп әлі де жоғары

Соңғы 6 жылда онкологиялық аурулардан болатын өлім 11,6%-ға азайғанымен, алаңдатарлық деректер сақталып отыр:

  • Қайтыс болғандардың 52%-ы — еңбекке жарамды жастағы азаматтар
  • 10%-ы — репродуктив жастағы әйелдер.

Скрининг реформасы

Жаңа скрининг реформасына сәйкес:

  • Ракты ерте анықтау учаскелік дәрігерлердің үйлестіруімен жүргізіледі
  • Қорытынды диагноз онкоорталықтарда қойылады
  • 35–55 жас аралығындағы әйелдерге ЖПВ (HPV) тестілеуі енгізіледі

Ішек қатерлі ісігінің жаңа скринингтері ұсынылады:

  • гемокульт-тест
  • эндоскопиялық және виртуалды колоноскопия
  • өкпе мен асқазан обырын ерте анықтау бағдарламалары

Денсаулық сақтау – білім мен әріптестікке негізделуі тиіс

Министрлік салауатты өмір салтын (СӨС) насихаттау үшін білім беру бағдарламаларын кеңейтуді, салааралық ынтымақтастықты, халыққа профилактикалық ақпарат жеткізуді күшейтуді ұсынады.

«Аталған шаралар тек өлім-жітім мен ауыр асқынулардың алдын алып қана қоймай, мемлекет бюджетіне түсетін салмақты да азайтады», – делінген хабарламада.

Қазақстанда созылмалы, инфекциялық емес аурулардан болатын өлім-жітім соңғы жылдары өзекті мәселеге айналды.