Қазақстандағы барлық сайлау учаскесі жұмысын бастады

0
2 232

Шет елдердегі 49 сайлау учаскесінде дауыс беру сағат белдеуін ескере отырып жүргізіледі.


Қазақстандағы барлық сайлау учаскесі жұмысын бастады

ERNUR.KZ. Қазақстан аумағында құрылған барлық сайлау учаскесінде дауыс беру жүріп жатыр. Бұл туралы ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров айтты, деп жазады ҚазАқпарат.


«Депутаттарды сайлау бойынша дауыс беру Қазақстан Республикасының аумағында және одан тысқары жерде құрылған 10 060 сайлау учаскесінде жүргізіліп жатыр. Сайлау комиссиялары дауыс беру орны мен уақыты туралы дер уақытында ақпарат берді. Елорда уақытымен сағат 08.00-де жағдай бойынша еліміздегі 9 994 сайлау учаскесінде және шет мемлекеттердегі қазақстан өкілдіктері жанындағы 17 сайлау учаскесінде дауыс беру басталды», - деді ол.


Оның атап өтуінше, шет елдердегі 49 сайлау учаскесінде дауыс беру сағат белдеуін ескере отырып жүргізіледі.


«9 қаңтар күні жергілікті уақыт бойынша 18.00-де өңірлерде дауыс беру құқығына арналған есептен шығару куәліктерін беру аяқталды. Сайлаушылардың жазбаша өтініштері негізінде учаскелік сайлау комиссиялары Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлауда дауыс беру құқығына арналған 10 599 есептен шығару куәлігін берді. Осы есептен шығару куәліктерімен азаматтар өздері барған кез келген жердегі учаскеде дауыс бере алады. Барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлау бойынша 11 612 есептен шығару куәлігі берілді. Жергілікті атқарушы органдар мен сайлау комиссиялары сайлаушылар тізімінің толықтылығын әрі нақтылығын қамтамасыз етуде үлкен жұмыс атқарды. Дауыс беру басталған кезде сайлаушылардың тізіміне 11 915 903 сайлаушы қосылды. Орталық сайлау комиссиясы әрбір екі сағатта өтетін брифинг барысында сайлаушылардың келуі туралы ақпарат ұсынатын болады», - деді Константин Петров.