Қазақстандық азамат құжат бойынша тоғыз күн бойы «қайтыс болды» деп есептелген

0
79

Ер адам бірнеше күн бойы жұмыс істей алмай, ресми құжаттарын пайдалана алмаған.


Қазақстандық азамат құжат бойынша тоғыз күн бойы «қайтыс болды» деп есептелген

Фото: tobolinfo.kz

ERNUR.KZ. Қостанай қаласының тұрғыны Владимир Шремф құжаттарда қайтыс болды деп көрсетіліп, тоғыз күн бойы өзінің жеке деректерін пайдалана алмаған, жазады Azattyq Rýhy.

Қателік ер адамның Әулиекөл аудандық ауруханасына қарасты емханаға жүгінуінен кейін кеткен. Ол 30 наурызда қайтыс болған анасының өлімі туралы анықтаманы тапсырған. Алайда мекеме қызметкері жаңылысып, жүйеге өтініш берушінің өз деректерін енгізіп жіберген.

Владимир Шремф өзінің «қайтыс болғанын» 2 сәуір күні ЭЦҚ мен ЖСН қолдану кезінде қиындықтарға тап болғанда білген. Емханаға жүгінгенімен, қателік жедел түзетілмеген, облыстық денсаулық сақтау басқармасына ақпарат тек 6 сәуірде ғана жолданған.

Соның салдарынан ер адам бірнеше күн бойы жұмыс істей алмай, көлік жүргізе алмай және ресми құжаттарын пайдалана алмай қалған.

Мәселе адвокат Ділмұрат Сәрсеновке жүгінгеннен кейін ғана шешімін тапқан. Ол тіркеуші орган мен АХАТ-қа шағым жолдап, қате енгізілген жазбаны жоюды талап еткен. Тоғыз күннен кейін мәртебе түзетіліп, Владимир Шремф құжаттарын қайта рәсімдеусіз-ақ жүйеде «қайта тірілген».

Адвокаттың айтуынша, зардап шеккен азамат енді сотқа жүгініп, медициналық мекемеден моральдық шығын өндіруді көздеп отыр.