Қорғаныс министрлігі арнайы тексеріс жүргізді.
Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі
ERNUR.KZ. Алматы гарнизонында БҰҰ миссиясына аттанатын үшінші ұлттық бітімгершілік контингентінің дайындығы пысықталды. Қорғаныс министрлігі арнайы тексеріс жүргізіп, сарбаздардың әзірлігіне жоғары баға берді, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
«Бітімгер» оқу орталығында өткен жұмыс сапары барысында Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор Асқар Мұстабеков әскери қызметшілердің дайындық барысын бақылады. Оқу-жаттығу бағдарламасы тек әскери тактикамен шектелмей, кешенді дайындықты қамтыды:
- Халықаралық ортада әрекет ету дағдылары;
- Төтенше жағдайларда алғашқы көмек көрсету;
- Шетелдік әскерилермен еркін коммуникация орнату.
Генерал-майор оқу базасын, сарбаздардың тұрмыс жағдайын және жабдықталуын жеке тексеріп шықты.
Тексеріс соңында жеке құраммен кездескен Асқар Мұстабеков Қазақстанның әлемдік аренадағы беделі бітімгерлердің кәсібилігіне тікелей байланысты екенін атап өтті.
«Сабақтар жоғары сапада ұйымдастырылған. Біздің сарбаздар жаһандық қауіпсіздікті сақтауға лайықты үлес қосып келеді», – деді министр орынбасары.
Салтанатты шара барысында Қорғаныс министрлігі атынан контингентке бағалы сыйлық табысталды.
Айта кетейік, БҰҰ-ның Голан жоталарындағы миссиясы 1974 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қазақстан бұл миссияға 2024 жылдан бастап дербес контингент ретінде қатысуда.


