Қазақстандық ер адам WhatsApp-тағы жанжалдан кейін ағасын өлтірген

0
100

Үйдің жанында ағайындылар арасында жанжал қайта өршіп, соңы қайғылы жағдайға ұласқан.


Қазақстандық ер адам WhatsApp-тағы жанжалдан кейін ағасын өлтірген

ERNUR.KZ. Алматы облысының Есік қаласында туған ағасын пышақтап өлтірген ер адамға сот үкімі шықты. Қылмысқа әлеуметтік желідегі қорлау сөздер себеп болған, деп жазады stan.kz.

Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 34 жастағы Камиль Худайбердиевке қатысты үкім жарияланды. Ол өз ағасы Бахтияр Худайбердиевті өлтірді деп айыпталған.

Желіде қайғылы оқиға биыл 11 ақпанда Есік қаласында болғанын журналист Михаил Козачков жеткізді. Сол күні таңертең Камиль баласын балалар орталығына апарып бара жатқанда ағасынан WhatsApp арқылы қорлайтын хабарламалар алады. Екеуі телефон арқылы сөйлескенімен, ортақ келісімге келе алмаған. Кейін Камиль ағасының үйіне барған.

Үйдің жанында ағайындылар арасында жанжал қайта өршіп, соңы қайғылы жағдайға ұласқан. Тергеу мәліметінше, Камиль қалтасынан пышақ шығарып, ағасына бірнеше рет соққы жасаған. Ол кейін өз әрекетін ағасы бірінші болып қару қолдануы мүмкін деп қауіптенгенімен түсіндірген.

Сотта белгілі болғандай, айыпталушы жәбірленушіге кемінде 16 рет пышақ сұғып, жүрек, бауыр, бүйрек, өкпе және ішкі ағзаларын зақымдаған. Бахтияр оқиға орнында көз жұмған.

Күдікті қылмыстан кейін ағасының жанында қалып, одан кешірім сұраған. Оқиға орнына келген туыстары жәбірленушіні тірі күйінде көре алмаған.

Қылмыстық іс қысқа мерзімде тергеліп, Камиль Худайбердиев өз кінәсін толық мойындаған. Жәбірленуші ретінде танылған үшінші ағасы Тимур Худайбердиев сотта айыпталушыны кешірген.

Осы жағдайларды ескерген сот айыпталушыға 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда отбасылық жанжал салдарынан туыстар арасында жасалған ауыр қылмыстар жиілегені туралы хабарланған еді. Павлодар облысында 26 жастағы ер адам үш жасар қызын өлтірді деген күдікке ілініп отыр. Қылмыс 2025 жылдың қыркүйек айында Тереңкөл ауданында болған. Тергеу нұсқасы бойынша, ер адам бүлдіршіннің өз қызы екеніне күмәнданған. Айыпталушы көршісінің моншасында ішімдік ішіп отырған. Кешкі сағат 22:00 шамасында үйіне барып, қызын алып кеткен. Сол жерде оны бірнеше рет ұрып, кейін қайтадан көршісінің үйіне алып келген. Тергеу мәліметіне сай, ол баланы қатты күшпен бетон еденге лақтырған.