Биылғы алты айда қазақстандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 11,8 мың тонна ет пен ет өнімдерін, оның ішінде 7,5 мың тонна ірі қара және 3,6 мың тонна қой етін экспорттаған.
ERNUR.KZ. Қазақстандық ет шетелде де сұранысқа ие болып отыр. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі таратқан мәліметтерден белгілі болып отыр, деп жазады ҚазАқпарат.
Министрліктің мәліметтерінше, биылғы алты айда қазақстандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 11,8 мың тонна ет пен ет өнімдерін, оның ішінде 7,5 мың тонна ірі қара және 3,6 мың тонна қой етін экспорттаған.
Отандық өндірістің ет және ет өнімдерінің негізгі импорттаушылары - Өзбекстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Катар, Кувейт, Біріккен Араб Әмірліктері және Сауд Арабиясы Корольдігі сияқты елдер болып табылады.
Қазақстандық ет өңдеушілер ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алуды субсидиялау түрінде мемлекеттік қолдау алады, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғыртуға және жаңа кәсіпорындар салуға жұмсалатын шығыстардың 25%-на дейін өтеледі. Бұдан басқа, айналым қаражатына берілетін кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау тетігі енгізілді. Өз кезегінде мал өсірушілердің малды өңдеуге тапсырған кездегі шығындарының бір бөлігі субсидияланады.
2022 жылдың қорытындысы бойынша елімізде 924,4 мың тонна ет өндірілді. Ішкі нарық құс етін қоспағанда, отандық өндіріс есебінен мал шаруашылығы өнімдерімен толық қамтамасыз етілген. Ел нарығындағы импорттық тауықтың үлесі 33% құрайды.