Қазақстандық ғалымдар инсульт алғандарды сауықтыратын экзоскелет жасап шығарды

0
1 524

Заманауи робот инсульт алып, қолы сал болып қалған науқастарға арналған.


Қазақстандық ғалымдар инсульт алғандарды сауықтыратын экзоскелет жасап шығарды

ERNUR.KZ. Астаналық ғалымдар инсульттан кейінгі сауықтыруға арналған экзоскелет жасап шығарды. Басқарудың интеллектуалды жүйесі ауыр дерттен аман қалғандарға бейімдеудің түр-түрін жүргізуге мүмкіндік береді. Бүгінде жоба астаналық ауруханаларда қарастырылуда. Сәтті болған жағдайда қолданысқа енгізілмек. Ал елордалық дәрігерлердің сөзінше, қазір шаһарда инсульттен сауықтырылып жатқан 10 мың адам бар, деп жазады almaty.

«Экзоскелет» аталып кеткен бұл заманауи құрылғыны Назарбаев университетінің ғылыми тобы жасап шығарған. Айтуларынша, жобаға екі жылдай уақыт кетіпті. Заманауи робот инсульт алып, қолы сал болып қалған науқастарға арналған. Жетілдірушілер аппарат бүкіл сауықтыру тобының жұмысын әлдеқайда жеңілдетеді деп отыр. Мәселен, физиотерапевттің осыған дейінгі іс-қимылдарын бұдан былай экзоробот жүзеге асыра алады.

Экзоскелеттің жұмыс істеуі үшін негізгі элемент – мидың сигналдарын оқитын бұл құрылғы науқасқа кигізілген соң, ондағы ақпарат ноутбукке түседі. Содан соң адамның қолы бүгіліп, жазылады.

Осылайша науқас қолын ми қызметі арқылы басқарады. Ал ол өз кезегінде, науқастың тезірек сауығуына септігін тигізбек. Инженерлердің сөзінше, бұл әзірге 3Д принтерінен шыққан демо-нұсқа. Сәтті болған жағдайда жеңіл әрі ыңғайлы материалдан жасалады. Мидың сигналдары әзірше ноутбукке түседі. Алайда, болашақта оны жетілдіру көзделген.

«Жұмыс осы деңгейде қалып қоймайды. Үлкен бір платформа ретінде жұмыс істейді. Мобильдік бағдарламада бірінші дәрігер пациентке қандай жаттығу жасау керек екені туралы программа жасап береді. Содан соң біз оны визуалдандырамыз. Одан кейін сигнал оқылады. Содан кейін ғана жұмыс істей бастайды», – деп түсіндірді жоба инженері Бейбіт ӘБДІКЕНОВ.

Жобаға Жаңа Зеландиядан келген Прашад Жамаль жетекшілік етуде. Шетелдік ғалым бұл салада ғұмыр бойы жұмыс істеп келген екен.

«Қазақстанға келгенге дейін ұзақ жылдар бойы Жаңа Зеландиядағы Окленд қаласында робототехника саласында жұмыс істедім. 2014 жылы Назарбаев университетіне жұмыс істеуге келгенімде осы елде инсультке шалдыққан адамдардың көп екенін білдім. Осы мәселені шешуге өзімнің білгенімді бағыттап, септігімді тигізгім келді. Идея содан туындады», – дейді инженерия мектебінің профессоры Прашад ЖАМАЛЬ.

Иә, елімізде инсульт алу дерегі көңіл көншітпейді. Тек Астананың өзінде қазір аталмыш дерттен 10 мың адам сауықтырылып жатыр.

«Бұл дертке шалдығып жатқандардың саны күннен-күнге артуда. Бір өкініштісі, қазір инсульт алып жатқан жастар көп. Астанада аталған сырқатқа жыл сайын 1500 адамдай ұшырайды. Оның 10-15 пайызы мерт болса, қалғандары ұзақмерзімді сауықтыруды қажет етеді. Мүгедек болып қалатындары да бар», – деді Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас невропотологы Бағжан Сыздықова.

Бүгінде қолға жан бітіруге арналған экзоскелет елорданың ауруханаларында қаралуда. Ғылыми топ оны медициналық мекемелерге 2020 жылға таман енгізуді көздеп отыр. Бұдан бөлек, астаналық ғалымдар қазір аяқты жазуға бағытталған құрылғыны да жетілдіру үстінде.