Беделді жарысқа әлемнің 20 елінен 4000-нан астам студент қатысып, үздік ғылыми жобаларын ұсынған.
Фото: Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
ERNUR.KZ. Қытайда өткен халықаралық ғылыми жарыста қазақстандық студенттер топ жарды, жазады inform.kz.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мәліметінше, университеттің биотехнология кафедрасында білім алатын студенттер Қытайда өткен The 2025 China Belt and Road International Undergraduate Medical Innovation Competition атты халықаралық байқауына қатысып, екі бірдей алтын медальді жеңіп алды.
Беделді жарысқа әлемнің 20 елінен 4000-нан астам студент қатысып, үздік ғылыми жобаларын ұсынған. Қазақстан атынан ғылыми байқауға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың екі командасы қатысқан.
Бірінші топ құрамында команда капитаны Темірхан Қазанбасов, сондай-ақ студенттер Мира Дәулет, Чутин Тао, Шуи Цзи және Амина Давлетчарова болды. Командаға биология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Аида Қыстаубаева және ҚХР-дан шақырылған маман — Вэня Хоу жетекшілік етті.
Екінші команданың мүшелері — Тимур Керімов, Гүлсая Асқар Яохуэй Пэн, Хао Чен болды. Команданы Дамира Елтокова басқарып, биотехнология кафедрасының аға оқытушысы, PhD Дина Шоқатаева ғылыми жетекшілік етті.
— Бұл жеңіс — студенттердің табандылығы мен еңбегінің, сондай-ақ үйлесімді командалық жұмыстың айқын нәтижесі. Олар тек білімдерін ғана емес, өздерінің бірегей идеяларын ұсынып, халықаралық деңгейде озық жобалар қатарынан көріне білді, — деп хабарлады университтен.