Өзен маңында үйлер орналасқан.
Фото: видеодан скриншот
ERNUR.KZ. Жетісу облысының Сарқан ауданына қарасты Екіаша ауылында гидроэлектр стансасында су құбыры жарылды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Төтенше жағдайдың видеосы әлеуметтік желіде тараған. Кадрдан құбырдан атқылаған су төңірекке жайылғанын көруге болады.
Редакция осы видеоға қатысты облыс әкімдігінен түсініктеме сұратты.
Жетісу облысы әкімдігінің ақпаратынша, оқиға 12 тамыз күні сағат 17:00 шамасында болған.
«Сарқан ауданы Екіаша ауылындағы «Малый Баскан» өзенінде орналасқан ВБ ГЭС-2 станциясында су құбыры жарылды. Әлеуметтік желіде тараған ақпарат тұрғындардың алаңдаушылығын туғызды, алайда ауылдағы жағдай тұрақты. Оқиға орнына жеткен «Baskan Power» ЖШС-нің қауіпсіздік мамандары дер кезінде жоғарғы су торабынан су жіберуді тоқтатып, судың станция аумағынан тыс жерге таралуына жол бермеді. Соның арқасында өзен маңындағы тұрғын үйлерге зиян келген жоқ, халыққа және қоршаған ортаға қауіп жоқ», - деп мәлімдеді әкімдік.
«Baskan Power» ЖШС техникалық директоры Данияр Досабаевтың айтуынша, құбыр жарылып, су ГЭС ғимараты арқылы сыртқа аққан.
«Ғимараттың ішінен суды сорып шығардық, қазір апатты-қалпына келтіру жұмысы жүріп жатыр. Тұрғындарға ешқандай зиян келген жоқ, үйлер мен шаруашылықтар да судан аман, экологиялық қауіп жоқ, су толығымен өзен арнасына кетті», - деді ол.
Әкімдік «Baskan Power» ЖШС-де 90-ға жуық адам жұмыс істейтінін және олардың бәрі жергілікті тұрғындар екенін атап өтті.
Қазір барлық қызмет штаттық режимде жұмыс істеп тұр.