Ол бұған қарыз алған компаниялар жауапты дейді.
фото: freepik.kz.
ERNUR.KZ. Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Қазақстанның шетелден алып жатқан қарызына қатысты пікір білдірді, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Министрге Қазақстанның шетелден алған қарызы ел азаматтарының қалтасына қаншалықты салмақ түсіретіні туралы сұрақ қойылды.
«Оны (шетелден алынып жатқан қарызды – авт.) сіз төлемейсіз, компаниялар төлейді. Қатарлық жоба туралы айттыңыз. Оның бәрі қайтарымды инвестиция. Мерзімі – 10-15 жыл. Жобалардан түскен пайда оларды ақтауға мүмкіндік береді», - дейді Байбазаров Сенаттың жалпы отырысының кулуарында.
Министрдің айтуынша, қарыз – халықтікі емес, компаниялардікі.
«Әрине, бұл сіздер алған қарыз емес. Ол – компаниялардың қарызы», - дейді ол.
Еске салсақ, «Қазақстан мен Қатар Үкіметтері арасындағы басым салалардағы жобаларды дамыту үшін ұзақ мерзімді стратегиялық әріптестік орнату туралы келісімді ратификациялау туралы» заңы мақұлданды. Оның аясында жалпы сомасы шамамен 20 млрд доллар болатын инвестицияларды тартуға мүмкіндік береді деп күтіліп отыр. Сондай-ақ, жақында Қазақстан бюджет тапшылығына байланысты азиялық банктерден 105 миллиард йен қарыз алатыны белгілі болды.