Алты тауар бойынша баға тұрақты деңгейде сақталған.
ERNUR.KZ. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше 2025 жылдың қазан айының басынан бері әлеуметтік маңызы бар сегіз азық-түлік түрінің бағасы төмендеген. 30 қыркүйек пен 7 қазан аралығындағы апта ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға индексі 0% деңгейінде болды. Пияз 2,6%-ға, сәбіз 1,7%-ға, қырыққабат 1,0%-ға, картоп 0,8%-ға, күнбағыс майы мен қант 0,3%-ға, ұн мен күріш – 0,1%-ға арзандады, деп жазады inbusiness.kz.
Нан, рожки, тауық еті, айран және тұз бағасы өзгеріссіз қалды. Сондай-ақ бір апта ішінде кейбір өнімдердің бағасы өсті: қарақұмық жармасы 0,7%-ға, сиыр еті 0,4%-ға, сары май мен жұмыртқа 0,3%-ға, сүт пен сүзбе 0,1%-ға қымбаттады.
Өңірлік комиссиялар баға түзілу тізбегіндегі тиімсіз және негізсіз делдалдарды анықтау бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. 2025 жылдың басынан бері 797 отырыс өткізіліп, олардың барысында негізсіз баға үстемелері анықталды. Аумақтық департаменттер әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген 15%-дық шекті сауда үстемесінің сақталуын бақылауды жалғастыруда. Биыл осы талапты бұзғандарға қатысты 2 293 әкімшілік қаулы шығарылған. Сонымен қатар, 9 890-нан астам электронды шот-фактура (ЭШФ) тізбегі талданып, олардың 886-сында заңнаманы бұзу қаупі анықталған.
Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері белсенді өткізіліп жатыр. Сонымен қатар "Береке Fest" жобасы іске қосылды. Бұл бастама аясында сауда желілері әлеуметтік жауапкершілік танытып, арнайы сөрелер ұйымдастырды және агрофирмаларға ет пен әлеуметтік маңызы бар өнімдерді жеткізу жүйесіне тікелей қатысуға мүмкіндік берді. Жобаға 80 сауда желісі қатысып отыр.
Бұған қоса, Республика күнін мерекелеуге дайындық жүріп жатыр. Сауда және интеграция министрлігі ірі сауда-ойын-сауық орталықтарымен және онлайн сауда платформаларымен келіссөздер жүргізді. Жеңілдіктер акциясы азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын тауарлардың кең ауқымын қамтитын болады.
Төртінші тоқсанда сенбі, жексенбі және мереке күндері шамамен 1 700 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін өткізу жоспарланып отыр. Отандық өндірушілерге бұл жәрмеңкелерде сауда жасау үшін орындар тегін ұсынылады.