Демографиялық өсімді ескере отырып, келер 10-15 жылда жастардың көбін грантпен қамту мүмкін болмайды.
ERNUR.KZ. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек «Келешек» бағдарламасын жүзеге асыруға қатысты түсінік берді, деп жазады ҚазАқпарат.
«Мемлекет басшысының Жолдауын орындау аясында азаматтарға жоғары білім алуға жағдай жасаудың қосымша тетігі ретінде «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізу пысықталып жатыр. Қазір Қазақстанда демографиялық өсім байқалып отыр. Кейінгі үш жылда 1 млн-ға жуық бала дүниеге келді. Орташа есеппен алғанда, жыл сайын елімізде 400 мыңға тарта бала дүниеге келеді. Қазір сол балалардың орташа есеппен 40 пайызы мемлекеттік грантпен қамтамасыз етілген», - деді С. Нұрбек Қазақстанның орнықты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттерді іске асыру мониторингі жөніндегі Парламенттік комиссия отырысында.
Оның айтуынша, демографиялық өсімді ескере отырып, келер 10-15 жылда жастардың көбін грантпен қамту мүмкін болмайды.
«2020 жылдан бері жыл сайын грант саны көбейіп келеді. Бірақ мұның өзі жеткіліксіз болады. Сондықтан бірыңғай ерікті жинақтау жүйесіне көшіп жатырмыз. Оның үстіне жеңілдетілген несие және сараланған гранттар жүйесі ескерілген. Келесі жылдан «Келешек» бағдарламасы аясында есеп-шоттар ашу қарастырылып отыр», - деді министр.


