Киберқылмыскерлер қазақстандықтардың есепшотынан 65 млн теңге жымқырған

0
940

Тергеу амалдары интернет алаяқтардың құрбаны болған қала тұрғынының арызынан басталды.


Киберқылмыскерлер қазақстандықтардың есепшотынан 65 млн теңге жымқырған

ERNUR.KZ. Шымкентте қазақстандықтардың есепшотынан 65 млн теңгеден астам қаражат жымқырған киберқылмыстық топ сотталды, деп жазады zakon.kz.

Тергеу амалдары интернет алаяқтардың құрбаны болған қала тұрғынының арызынан басталды. Банктің жалған қызметкерлеріне сенген азамат 4 млн теңгесінен айырылған.

"Банкирлер" белгісіз нөмірден қоңырау шалып, оның қаржысына қол сұғу ықтималдығы туралы хабарлап, ақшасын сақтап қалу үшін телефон арқылы бірнеше онлайн операцияларды орындауын сұрады. Осылайша, қала тұрғыны екі несие рәсімдеп, оларды "қауіпсіз" шоттарға аударған.

Тергеушілер аталған жайтты ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеді. Іздестіру шараларына қалалық полиция департаментінің киберқылмыспен күрес жөніндегі арнайы тобы жұмылдырылды.

Атқарылған бірқатар жедел жұмыстар күдіктілердің ізіне түсуге мүмкіндік берді. Қылмысты бүкіл ел бойынша әрекет еткен алаяқ топ жасағаны белгілі болды.

Шымкенттік 6 тұрғын жарты жылда 27 қазақстандықтың 65 млн теңгеден астам қаражатын қолды еткен. Зардап шеккендердің арасында Астана, Алматы, Петропавл, Көкшетау, Орал, Қарағанды және басқа да аймақтардың тұрғындары бар.

Полицейлер қылмыстық топтың 4 мүшесін мегаполис пен Түркістан облысының аумағында ұстаса, қалған 2-уі халықаралық іздеу нәтижесінде Ресейден табылды. Тергеу барысында олардың әрқайсысының өз міндеті болғаны анықталды.

Біреуі көшбасшы рөлін атқарды және тапсырмалар беріп отырған, басқалары "дропперлерді " тапса, ал қалғаны түскен қаражатты банкоматтардан шешіп алумен айналысқан.

Полиция қылмыстық істің томдарын барлық дәлелдермен сотқа жіберді. Сот үкімімен алаяқтар үш жылдан төрт жылға дейін бас бостандығынан айырылды.