Көлікті артық қыздыруға салынатын айыппұл - Қазақстанда даулы ереже қайта қаралуы мүмкін

0
121

Бұған дейін Петропавл тұрғынының автокөлікті бес минуттан артық қыздыруына байланысты айыппұл салынғаны туралы оқиға желіде тарады.


Көлікті артық қыздыруға салынатын айыппұл - Қазақстанда даулы ереже қайта қаралуы мүмкін

Фото:depositphotos.com

ERNUR.KZ. Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселековадан автокөлікті бес минуттан артық қыздыруға салынатын айыппұл туралы норманы өзгерту үшін қандай заңнамалық жағдайлар қажет екені сұралды, деп жазады tengrinews.kz.

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Серік Ерубаев суық мезгілде автокөлікті бес минуттан артық қыздыруға салынатын айыппұлды қайта қарауды ұсынған болатын.

Жақселекованың айтуынша, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске (ӘҚБтК) енгізілетін барлық өзгерістер мен толықтырулар Әділет министрлігі қамтамасыз ететін тиісті ведомствоаралық комиссияның қарауынан өтеді.

"Комиссия құрамына тек мүдделі мемлекеттік органдар ғана емес, Парламент депутаттары мен ғылыми қауымдастық өкілдері де кіреді. Себебі өзгерістер енгізу, әсіресе, диспозиция мен санкция тұрғысынан, өте мұқият әрі теңгерімді түрде жасалуы қажет. Егер осы тақырып бойынша депутаттық сауал қойылса, мәселе талқылауға шығарылып, қаралады. Оның нәтижелері бойынша қосымша хабарланады деп ойлаймын", – деді Ботагөз Жақселекова Сенат кулуарында.

Ол ведомствоаралық комиссия құрамына шамамен 10 мемлекеттік орган кіретінін атап өтті. Бірақ мәселе белгілі бір салаға қатысты болса, басқа да мүдделі тұлғалардың қатысуына ешқандай шектеу жоқ екенін айтты.

Еске салайық, ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаевтың айтуынша, автокөлікті бес минуттан артық қыздыруға салынатын айыппұл жаңа ереже емес – бұл норма ұзақ уақыттан бері қолданыста және оның мақсаты – экологиялық стандарттарды сақтау.

Бұған дейін Петропавл тұрғынының автокөлікті бес минуттан артық қыздыруына байланысты айыппұл салынғаны туралы оқиға желіде тарады. Көлік жүргізушісінің айтуынша, айыппұл көршілерінің шағымынан кейін келген. Енді ер адам 5 АЕК (2025 жылы 19 660 теңге) көлеміндегі айыппұлды төлеуге мәжбүр болады.