Коммуналдық төлемдер қымбаттаса, мемлекет өтемақы төлейді

0
78

Сәуір айынан бастап тұрғындар үшін коммуналдық тарифтердің айтарлықтай өсуі күтілмейді.


Коммуналдық төлемдер қымбаттаса, мемлекет өтемақы төлейді

фото: baq.kz.

ERNUR.KZ. Сәуір айынан бастап тұрғындар үшін коммуналдық тарифтердің айтарлықтай өсуі күтілмейді. Бұл жайлы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Болатбаев мәлім етті, деп жазады baq.kz.

Оның айтуынша, сарапшылар ұсынған 15 пайыздық өсімге қарамастан, қолданыстағы құжаттарға сәйкес тарифтер тұрғындар үшін іс жүзінде өзгеріссіз қалады.

Тұрғындар үшін өсім болмайды деуге болады. Сарапшылар 15 пайыз қажет деп айтып жатыр. Бірақ біздің құжаттарға сәйкес сәуірден бастап тариф өсімі жоқтың қасында. Себебі коммуналдық инфрақұрылымға қажетті қаражат бұрыннан қарастырылған. Қаржыландыру белгілі кезеңдерге бөлінген, кейбір жобалар былтыр аяқталды. Қазір тарифтерді қаржы мен жұмыс көлеміне қарай қайта қарау жүріп жатыр, – дейді Нұрлан Болатбаев.

Ресми дерекке сүйенсек, коммуналдық инфрақұрылымның тозу деңгейі жыл сайын 3-4 пайызға артып отыр. Бұл көрсеткішті төмендету үшін күрделі жөндеу жұмыстарын күшейтіп, қосымша инвестиция тарту қажет.

Салада кадр тапшылығы да өзекті мәселе күйінде қалып отыр. Өткен жылдан бері пилоттық жобалар аясында 31 млрд теңге игеріле бастаған. Ал биыл инфрақұрылымды жаңғырту үшін 1 трлн теңгеден астам қаражат қажет.

Қоғам қайраткері, тариф құру бойынша сарапшы: Марат Мұстафин тариф мәселесінде ашықтық маңызды екенін атап өтті.

Халық тарифтің нақты қандай мақсатта көтеріліп жатқанын түсінуі керек. Бірнеше жыл бұрын Екібастұз бен Риддерде ауыр жағдайлар болды. Бұл – инвестицияның жеткіліксіздігі мен қаржы тапшылығының салдары. Осыдан кейін Үкімет 5 жылдық жоспар қабылдап, өңірлерде энергетика мен су инфрақұрылымын жаңартуға кірісті, – деді ол.

Елімізде «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы іске асырылып жатыр. 2025 жылы бұл бағыттағы жұмыстар төрт негізгі бағыт бойынша жүргізілді: нормативтік база, қаржыландыру, инвестициялық жобалар және коммуникация.

Нәтижесінде 17 пилоттық жобаның алтауы іске асырылды. Шымкент пен Түркістан облысында электр желілері жаңартылып, тұтынушылар үшін электрмен жабдықтау сенімділігі артты. Тайыншада жылу желілерінің тозуы төмендеп, Теміртауда жылумен қамту сапасы жақсарды. Биыл коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жалғасады. Ел бойынша 7,6 мың шақырым желіні жөндеу жоспарланған.

Тарифтік саясат әлеуметтік қолдаумен қатар жүреді. Мемлекет әлеуметтік осал топтарды тұрғын үй көмегі арқылы қорғайды. Егер коммуналдық төлемдер отбасы табысының 5-10 пайызынан асып кетсе, айырмашылық бюджет есебінен өтеледі. 2025 жылдың қорытындысы бойынша мұндай көмекті 10 057 отбасы алған.