Мұндай заңбұзушылық үшін 73 920 теңгеден 110 760 теңгеге дейін айыппұл салынуы мүмкін.
Фото: instagram.com/up_aktau_polisia
ERNUR.KZ. Көпқабатты үйлердің кіреберісіне балалар арбасы, самокат сияқты жеке заттарын қойып қоятын қазақстандықтарға 110 760 теңгеге дейін айыппұл салынуы мүмкін. Санитарлық және өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505-бабында осындай әкімшілік жаза көзделген, деп жазады stan.kz.
Көпқабатты үйлердің кіреберісінде жиі кездесетін тыйым салынған заттардың қатарында балалар арбалары, самокаттар, велосипедтер, ескі орындықтар, заттар салынған жәшіктер, тіпті гүл құмыралары да бар. Мамандардың айтуынша, дәліздер мен баспалдақтардағы үйіліп тұрған заттар төтенше жағдай кезінде тікелей қауіп төндіреді.
"Кіреберісте өрт немесе түтін шыққан жағдайда әрбір секунд маңызды. Егер эвакуация жолын жиһаздар, жәшіктер, тіпті гүл құмыралары жауып тұрса, бұл біреудің өмірін қиюы мүмкін. Әсіресе үйде балалар, қарттар немесе жүріп-тұруы қиын адамдар тұратын болса, өте қауіпті", - деп түсіндіреді Ақтау қаласы полиция басқармасы қызметкерлері.
Полицейлер кіреберіс сіздің пәтеріңіздің жалғасы емес, барлық тұрғынның ортақ меншігі екенін есте сақтаған жөн екенін айтады. Заттар "бір бұрышта ұқыпты жиналып", "ешкімге кедергі келтіріп тұрған жоқ" деген күннің өзінде, бұл заңбұзушылық болып саналады.
Мұндай фактілерді жергілікті инспекторға хабарласу, eGov порталын немесе Kaspi.kz қосымшасын пайдалану арқылы хабарлауға болады.
Мұндай заңбұзушылық үшін 73 920 теңгеден 110 760 теңгеге дейін айыппұл салынуы мүмкін. Заңды қайта бұзған жағдайда айыппұл көлемі де арта түседі.