Әсел Қалықова мегаполис «жасыл» аймақта орналасқанына қарамастан, соңғы аптада коронавирус инфекцияның 641 жағдайы тіркелгенін атап өтті.
ERNUR.KZ. Коронавирустың жаңа «омикрон» штаммы дерттің жаңадан өршуіне әкелуі мүмкін. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингінде Алматы қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова айтты, деп жазады ҚазАқпарат.
Әсел Қалықова мегаполис «жасыл» аймақта орналасқанына қарамастан, соңғы аптада коронавирус инфекцияның 641 жағдайы тіркелгенін атап өтті. Өткен тәулікте 34 адамнан инфекция анықталды.
Спикер бүкіл әлемде эпидемиологиялық жағдай нашарлап, қатаң карантин режимі қайта енгізілгенін тілге тиек етті.
«Сондықтан халықты, әсіресе қарттарды, созылмалы аурулары бар адамдарды, жасөспірімдерді, жүкті әйелдерді вакциналауды ұлғайту қажет. Алматының барлық тұрғындары елде «омикрон» штаммның пайда болуына және таралуына жол бермеу үшін, әсіресе демалыс және мереке күндері адамдар көп жиналатын орындардан аулақ болуларына күш салу қажет. Коронавирустың жаңа «омикрон» штаммы ауыр зардаптармен дерттің жаңадан өршуіне әкелуі мүмкін», - деді Әсел Қалықова.
Эпидемиолог «омикрон» жағдайлары Африканың 8 елінде (ОАР, Ботсвана, Лесото, Намибия, Зимбабве, Мозамбик, Эсватини, Танзания), сондай-ақ Бельгияда, Израильде, Гонконгта, Германияда, Чехияда және Ұлыбританияда тіркелгенін айтты.
«Омикрон» алдыңғы нұсқалардан көптеген жаңа мутациялармен ерекшеленеді. Оның Қазақстанға әкелінуіне жол бермеу мақсатында ведомствоаралық комиссия 3 желтоқсаннан бастап Ботсвана, ОАР, Лесото, Намибия, Зимбабве, Мозамбик, Малави, Мадагаскар, Эсвитини, Танзания және Гонконгтан шетел азаматтарының Қазақстанға кіруін шектеу туралы шешім қабылдады»,- деп атап өтті ол.