Абылай Мұстафин 500-ден астам оқушы қатысқан олимпиаданың гранд-чемпионы атанды
ERNUR.KZ. 4-7 мамыр аралығында Майндағы Франкфурт қаласында ментальді арифметикадан «Seven Continents Cup-2019» халықаралық олимпиадасы өтті, деп хабарлайды, inform.kz.
Бұл іс-шара көптеген жылдар бойы әртүрлі елдерде өткізіліп келеді. Биыл олимпиадаға әлемнің ментальді арифметика мектептерінен 500-ден астам оқушы қатысты.
Жас қазақстандық Абылай Мұстафин осы олимпиаданың гранд-чемпионы атанды. Жас чемпион ментальді арифметиканы оқуды тек 2018 жылы бастаған болатын, қысқа уақыт - 8 ай аралығында халықаралық деңгейдегі басымдыққа қол жеткізді.
Абылай Мұстафин «Samruk-Kazyna Trust» қорының «Жас таланттар» жобасы аясында халықаралық олимпиадаға қатысып, чемпион атану мүмкіндігіне ие болды.
«Жас таланттар» жобасының арқасында талантты балалар жол жүру грантын алу арқылы республикалық және халықаралық конкурстарға қатысуға мүмкіндігі бар. Жол жүру грантын алуға өтінімдерді қарау кезінде комиссия отбасы табысының деңгейін ескереді, көпбалалы, толық емес отбасылардың балаларына, балалар үйлерінің тәрбиеленушілеріне ерекше назар аударады», - дейді «Samruk-Kazyna Trust» Әлеуметтік жобаларды дамыту қоры корпоративтік коммуникациялар департаментінің директоры Мирас Іргебаев.
Абылай 11 жаста, Нұр-Сұлтан қаласындағы №10 мектеп-гимназиясының көзі көрмейтін балалар тобында 3-сыныпта оқиды. Абылай - туғаннан бері мүгедек, диагнозы - шала туғандардың 5 дәрежелі ретинопатиясы (көру қабілетінің болмауы, жарықты сезбеу). «Абылай мүгедектіктігіне қарамастан мектепте өзін тек белсенді жағынан көрсетеді, ол - өте қабілетті оқушы. Ол барлық материалды есту арқылы шығарады, ал шешімді Брайль әдісі бойынша өзі жазады. Оқу кезеңінде Абылай қалалық олимпиадаға қатысып, чемпион атағына ие болды және халықаралық олимпиадада супер чемпион атанды. Абылай - байқауға барлық қатысушылармен тең дәрежеде қатысқан жалғыз көзі көрмейтін бала», - деп атап өтті баланың оқытушысы Сәуле Сағымбаева.