Құрылтай төрағасы сайланды

0
129

Дәдебайдың кандидатурасын бүгін президент Құрылтайдың бірінші сессиясының ашылуында ұсынды.


Құрылтай төрағасы сайланды

фото: Официальный сайт президента Казахстана

ERNUR.KZ. "Әділет" партиясының басшысы Айбек Дәдебай Құрылтай төрағасы болып сайланды, деп жазады sputnik.kz.
Дәдебайдың кандидатурасын бүгін президент Құрылтайдың бірінші сессиясының ашылуында ұсынды. Депутаттар алдымен ант берді. Одан кейін спикердің кандидатурасына жасырын дауыс берді. Ол үшін Құрылтай ғимаратының фойесінде арнайы кабинкалар мен жәшік қойылды. Әрбір депутат арнайы бюллетень алып, кабинкада өз таңдауын жасады. Дәдебайдың кандидатурасын 144 депутат қолдады.

Айта кетері, "Әділет" партиясы сайлауда ең көп мандатқа ие болды. Саяси ұйымның 110 мүшесі Құрылтай депутаты атанды.

Құрылтайдағы көпшілік пен оппозиция

"Құрылтай және депутаттардың мәртебесі туралы" конституциялық заңда бір палаталы Парламенттегі көпшілік пен оппозиция ұғымдары нақты айқындалған.
Құрылтайдағы көпшілік – депутаттық мандаттардың ең көп санын алған саяси партия. Ал Құрылтайдағы көпшілікке кірмейтін және, әдетте, әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси мәселелер бойынша көпшілік партиядан өзгеше ұстанымдағы саяси партия немесе саяси партиялар оппозиция болып саналады.
"Құрылтайдағы оппозиция жекелеген мәселелер бойынша Құрылтайдағы көпшілік партиясын қолдауы мүмкін. Саяси партияның фракциясы Құрылтайдағы қай оппозицияға жататынын тіркеу кезінде көрсетеді", – делінген заңда.
Айбек Дәдебай туралы
Айбек Дәдебай 2001 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін тәмамдаған. Сол жерден “аймақтану магистрі” мамандығын да алып шықты.
Еңбек жолын өз университетінде Халықаралық туризм менеджменті кафедрасының оқытушысы болып бастаған.
2008-2011 жылдары - ҚР Парламенті Сенаты аппаратының парламентаралық байланыстар және халықаралық ынтымақтастық бөлімінің сарапшысы, Сенаты төрағасы көмекшісінің міндетін атқарушы;
2011-2013 жылдары - ҚР БҰҰ-дағы Тұрақты өкілдігінің үшінші хатшысы, атташе;
2013-2019 жылдары - ҚР Парламенті Сенаты төрағасының хатшылығы меңгерушісінің орынбасары, меңгерушісі;
2019-2021 жылдары - ҚР Президенті Кеңсесі бастығының орынбасары;
2021 жылдың мамыры мен 2022 жылдың қаңтары аралығыда - ҚР Президенті Іс басқарушысының орынбасары;
2022 жылы - ҚР Президенті Іс басқарушысы;
Ал 2024 жылы ҚР Президенті әкімшілігінің басшысы болып тағайындалды. Биыл 5 мамырда президенттің жарлығымен Айбек Дәдебай қызметінен босатылды.
7 мамырда жаңа "Әділет" партиясының төрағасы болып сайланды.