Бұл сұраққа Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов жауап берді.
ERNUR.KZ. Осы жылдың көктеміндегідей осы күзде тағы менингит ауруының өршуі мүмкін бе? Бұл сұраққа Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов жауап берді, деп жазады ҚазАқпарат.
«Менингиттің қайталай өршуіне даярлық туралы айтар болсам, ең алдымен менингит тараған уақытта дәл әкімшілік сипатта шаралар қабылданған болатын. Республикалық штаб құрылып, бірқатар шаралар легі қабылданған еді. Бүкіл елде инфекциялық аурулардың таралуы бойынша профилактикалық жұмысты күшейту жұмыстары қолға алынған. Аталған штаб менингит бойынша, қазір де басқа әлеуетті қауіптер, соның ішінде қызылша ауруы бойынша жұмысты жалғастырып жатыр», - дейді министр.
Штаб аясында министрлік жедел жәрдем, қабылдау бөлімінің қызметкерлерін уақтылы әрі сапалы диагностика мен сапалы медициналық көмек көрсету бойынша оқыту курстарынан өткізген.
«Біздің «Астана» университетінің, Қазақ ұлттық медициналық университетінің профессорлық-оқытушылар құрамына ерекше алғысымды айтқым келеді. Олар барлық аймақтарға шығып, балалар ауруханасына барып, оқыту жұмыстарын жүргізді. Жалпы айтарым, қазіргі таңда Қазақстанда менингитке шалдығу деңгейі бақылауда. Бүгінгі таңда менингитке шалдығу соңғы 20 жылдағы көрсеткіш бойынша орташа деңгейден бес есе аз мөлшерде екені анықталды. Жалпы, бұл жағдай эпидемия немесе таралатындай деңгейде бағаланып отырған жоқ», - деді ол.
Елжан Біртанов көктемде менингитке шалдығудың шырқау шегі тіркелгенін атап өтті.
«Өкінішке қарай, ауру күрделі. Үдеп кетуі де мүмкін. Ақылға қонымсыз деңгейде қабылдау жүргізілген жағдайлар бойынша республикалық штабтың комиссиясы тиісті шара қабылдады. Жергілікті атқарушы органдардың бәріне келешекте мұндай жағдайлар болмас үшін әкімшілік шараларды қабылдау керектігі айтылды», - деп түйді Елжан Біртанов.