Қырғызстаннан студенттер алдыртып, банк шоттарын пайдаланған: 3,6 млрд теңгелік схема әшкереленді

0
127

Күдіктілер шетелдіктердің Қазақстанға келу жолақысын төлеп, жатын орын мен тамақ берген.


Қырғызстаннан студенттер алдыртып, банк шоттарын пайдаланған: 3,6 млрд теңгелік схема әшкереленді

Фото: ЖИ арқылы жасалды

ERNUR.KZ. Қырғызстаннан студенттер мен қаржылай қиындыққа тап болған жастарды Қазақстанға шақырып, банк шоттарын пайдаланғандар ұсталды. Олар заңсыз криптовалюта операцияларымен айналысып, онлайн-казинолардың төлемдерін жүргізген. Айналымдағы қаражат 3,6 миллиард теңгеден асқан, деп жазады stan.kz.

Тергеу мәліметінше, Алматы қаласының үш тұрғыны заңсыз криптовалюта операцияларын жүргізу үшін дропперлер желісін құрған. Олар делдалдар арқылы Қырғызстан азаматтарын, негізінен студенттер мен қаржылай қиындық көріп жүрген жастарды тартқан.

Күдіктілер шетелдіктердің Қазақстанға келу жолақысын төлеп, жатын орын мен тамақ берген. Сонымен қатар оларға ұялы телефондар мен SIM-карталар ұсынған. Ал шетел азаматтары ақшалай сыйақы үшін өзінің банк шоттарына қол жеткізу құқығын беріп, кейін еліне қайтқан.

Тергеу барысында алынған банк шоттары лицензиясыз USDT криптовалютасын сатып алу және сату үшін пайдаланылғаны анықталды.

Бұдан бөлек, күдіктілер “SkyPhoenix” халықаралық төлем платформасы арқылы “Pinco”, “Pinup”, “Nomad Games”, “Sultan Games” және басқа да онлайн-казинолардың қаржы операцияларына қызмет көрсеткен.

Олар ойыншылардан төлем қабылдап, ұтыстарды аударған. Сонымен қатар заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырушылардың табысын криптовалютаға айырбастап, шығарып беріп отырған. Бұл қызметтері үшін түскен қаражаттың 4%-ын сыйақы ретінде алып отырған.

Дропперлердің банк шоттары арқылы өткен ақшаның жалпы көлемі 3,6 миллиард теңгеден асқан.

Қаожы мониторинг агенттігі мәліметінше, екі күдікті үйқамаққа алынған. Сот санкциясымен үш автокөлік пен жер учаскесіне тыйым салынған.

Қылмыстық іс сотқа жолданды. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеудің өзге мәліметтері жария етілмейді.