Қырылған балықтың қызығын тұрғындар көріп жатыр

0
803

Атырау облысында балық қырылып жатыр.


Қырылған балықтың қызығын тұрғындар көріп жатыр

Уылдырық шашуға шыққан су маржандары Жайыққа кері жете алмай қалған. Көл бетінде тайдай тулап жатқан балықтардың қызығын енді тұрғындар көріп жатыр. Жағада жайрап жатқан шабақтардан сасық иіс шыға бастаған, деп хабарлайды ERNUR.KZ КТК арнасына сілтеме жасап.

Тегін балыққа телмірген жұрт бірден қала іргесіндегі көлге ағыла бастады. Дорбасын арқалап, дедек қағып жүргендердің дені қала тұрғындары.

"Негізі бұндайды бірінші рет көріп тұрмын. Фейсбуктен осы жердегі балық қырылғаны, обал болады, алып кетіңдер деген нәрсені естідік. Таңертең дайындалып шықтық. Сағат 7-де тұрып, заттардың бәрін жинап келдік. Балықтың өліп қалмауының жағдайы ғой" - дейді Атырау қаласының тұрғыны Альбина Бектібаева.

Таяз суды сағалаған балықтар үш күннен бері арық арқылы Безымянный көліне шүпірлеп ағылып жатыр. Биыл су аз болғандықтан өзенге кері жете алмаған. Ал тұрғындардың айтуынша, кеше ғана бойына жан біте бастаған көлдің құрғап жатқанына бірнеше жыл болған.

"Балық қырылып жатыр. Халықтың бәріне айту керек қой, жинау керек. 18-дің көлі деген көл бар. Осы көлге құйса, әйтеуір балық тірі қалады ғой. Мына жерде шашылып жатыр. Халық шетінен алып жатыр. Жайықтан уылдырық шашуға келген балықтар ғой" - дейді қала тұрғыны Төлеп Ертілеуов.

Өлі балықтың көптігі сонша, су бетін түгел жауып тастаған. Ал өлексенің жартысынан көбі жағада шашылып жатыр. Осы маңайды мекендеген ауыл тұрғындары мен қаладан қаптарын арқалап жеткен жұрт тірі балықтарды үйіне жинап әкетуде. Ең обалы, су маржандарының басым көпшілігі уылдырық шашып үлгермей жатыр. Облыстағы балық шаруашылығы басқармасының сөзіне сенсек, су жәндігінің 3 мың тоннасы өзенге жіберіліп, жарты тоннаға жуық өлексе көміліпті. Қазір қайраңда қалған балықты құтқару жұмысы әлі жүріп жатыр. Ал канал темір тормен жабылды. Балықтың көлге өтуі тоқтатылды.

"Қорқатын ештеңе жоқ. Бұдан басқа тағы да жоғарды көлдер бар. Қызылжар көліміз бар. Толық қадағалап отырмыз. 8 ауыл деген көл бар. Бұған кіре алмаған балық соған кіріп уылдырығын шашады. Қазір бөгейміз. Бөгет болған соң қалған балықты, бойындағы балықты, тірісін құтқарып қалғанын Жайыққа қайтадан жіберу жұмысын істейміз" - дейді Жайық-Каспий облысаралық бассейін балық шаруашылығы инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Нұрлыбек Гасин.

Көлге келіп быжынаған балықты жапа-тармағай қолмен аулап жатқандар толастамай тұр. Ескертуге құлақ аспайтын тұрғындарды жергілікті әкімдік жауапқа тартып, айыппұл саламыз деп отыр. Уылдырық шашуға келген балықтарды аулауға тыйым салынған.