Аймақ басшысы бұл мәселелерді шешу жолдарын таразылап, тиісті салаларға нақты міндеттер жүктеді.
ERNUR.KZ. Қызылорда облысындағы жеке балабақшалардың сапасы сын көтермейді, деп жазады ҚазАқпарат.
Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте аталмыш мәселе жан-жақты талқыланды. Аймақ басшысы бұл мәселелерді шешу жолдарын таразылап, тиісті салаларға нақты міндеттер жүктеді.
Сыр өңірінде балабақша желісі толықтай қалыптасқан. Облыста 3-6 жастағы бүлдіршіндер мектепке дейінгі мекемелермен толық қамтылған. Балабақшаларда 6964 педагог қызмет етеді. Олардың ішінде 48,2 пайызы - мектепке дейінгі тәрбие және оқыту мамандары. Дегенмен жекеменшік балабақшаларда ол 2 есеге төмен болып отыр. Қазіргі таңда 566 педагогтың біліктілігін арттыруға көңіл бөлінді. Облыстық білім басқармасының басшысы Майра Мелдебекова мектепке дейінгі білім мен тәрбие беруге орай арнайы Жол картасы әзірленіп жатқанын айтады. Ол Елбасы Жолдауында атап көрсетілген.
«Біздің өңірде балабақшамен қамту ісі толық шешілді. Десе де жекеменшік балабақша сапасы сын көтере бермейді. Атап айтқанда, 2000-нан астам тәрбиешінің білім сапасы талапқа сай емес. Қазіргі таңда жаһандық желі беттерінде мұндай мекемелерде балаларды ұрып-соғу оқиғалары жайында айтылып жатады. Мұндай деректер біздің өңірде тіркеле қойған жоқ. Дегенмен ондай жағдайдың алдын алуымыз тиіс. Тәрбиешілердің біліктілік деңгейі - басты талаптың бірі. Ішкі мәдениеті төмен тәрбиеші мұндай мекемеде жұмыс жасамауы тиіс», - деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев.
Сондай-ақ, білім беру мекемелерін бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз ету бойынша нақты істер қолға алына бастады. Қазір өңірде жұмыс жасап жатқан 662 балабақшаның 241-і сондай жүйемен қамтамасыз етілген. Ол 36,4 пайызды құрайды. Ал мектептердің 87 пайызында осындай бейнебақылау камералары орнатылған. Дегенмен олардың көпшілігі білім беру орынлдарының сыртқы бөлігіне орнатылған. Облыстық білім басқармасының басшысы Майра Мелдебекова осындай жүйемен қамтамасыз ету үшін 92 млн теңге қажет екенін айтты.