Л.Танысбай «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясын 2019 жылдың сәуір айынан бері басқарып келді.
Фото: Qazaqstan Ұлттық Телеарнасы
ERNUR.KZ. Бұл туралы Qazaqstan ұлттық телеарнасының Facebook парақшасынан мәлім болды. «Бірге қызмет еткен әріптестеріме алғыс айта отырып, Басқарма төрағасы ретіндегі қызметімді аяқтауды жөн санадым. Алты жылдан астам уақытта ең мықты, кәсіби ұжыммен бірге жауапты кезеңдерді еңсеріп, мақсат етіп қойған жобаларды жүзеге асырдық. Корпорацияның қазіргі уақыттағы жетістіктері әріптестерімнің өз ісіне адалдығы мен тынымсыз еңбегінің жемісі. Осы кезеңде қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартып, кәсіби дамуына қолайлы орта қалыптастыруға тырыстым. Себебі жайлы еңбек ортасы нәтижелі жұмыстың, тұрақтылық пен табыстың негізі деп есептеймін. Қазақ телевизиясының қарашаңырағы саналатын ұйымда бұған дейін талай жетекшілердің өзіне лайық қолтаңбасы қалды. Бұл сабақтастық жалғасын табуы қажет. Уақытпен бірге басшылардың да алмасып, ұйым жұмысына жаңа тыныс, жаңа серпін беріліп отыруы керек деп есептеймін.Бұл шешіміме қолдау білдірген сала министріне алғыс айтамын. Мен әрі қарай да отандық телевизия саласының дамуына еңбек етемін», - деді Ләззат Танысбай бүгін Корпорация жетекшілерімен өткен кездесуінде.
Л.Танысбай «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясын 2019 жылдың сәуір айынан бері басқарып келді. Корпорация осы жылдар аралығында айтарлықтай жетістіктерге жетті және бұл көрсеткіштер ұжым үшін өте маңызды. Алты жыл ішінде Корпорацияның теле және радио арналарының рейтингі өсіп, коммерциялық табысы 50 пайызға артты.
«Qazaqstan» арнасы осы кезеңде ұлттық мазмұнын сақтай отырып, қоғамдық-саяси форматтағы бағдарламаларға басымдық берді. Бұл бағытта «Ашық алаң», «Бас тақырып», «Қос палата», «Әлем және біз» сынды жаңа сараптамалық және қоғамдық-саяси хабарлар эфирге шығып, ашық пікір алаңдары қалыптасты. Отандық медиада алғаш рет жаңа форматтағы жобалар ұйымдастырыла бастады. Олардың қатарында тікелей эфирде өткен, инфотейнмент үлгісіндегі көпсағаттық онлайн марафондар бар, - делінген хабарламада.
Ләззат Танысбай бүгіннен бастап «Евразия» Бірінші арнасына» жетекшілік етеді. «Евразия» Бірінші арнасы» 1997 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан республикалық телеарна. Квазимемлекеттік медиаұйым бүкіл Қазақстан аумағында қазақ және орыс тілдерінде хабар таратады. Көрермендер ауқымы бойынша отандық телеарналар арасында алғашқы үштікке кіреді.