​Мәдениет министрлігінің лауазымды тұлғалары не үшін ұсталғаны белгілі болды

0
1 239

Олар мердігерлік ұйымның басшысынан мемлекеттік сатып алулар шартын жасау және жалпы қамқорлығы үшін пара алды деген күдікке ілінді


​Мәдениет министрлігінің лауазымды тұлғалары не үшін ұсталғаны белгілі болды

ERNUR.KZ. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Мәдениет және спорт министрлігінің лауазымды тұлғаларының ұсталуына қатысты мәлімет берді, деп жазады sputniknews.kz.

"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы мен әкімшілік департаменті директорына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде. Олар мердігерлік ұйымның басшысынан мемлекеттік сатып алулар шартын жасау және жалпы қамқорлығы үшін пара алды деген күдікке ілінді", — деді бүгін брифинг барысында агенттіктің ресми өкілі Жанна Бастарова.

Сот санкциясымен әкімшілік департаментінің директоры үйқамаққа алынған, ал жауапты хатшыға қатысты 6 миллион теңге көлемінде кепіл бекітілді, ол лауазымынан уақытша шеттетілді.

Сөз соңында агенттік өкілі тергеу амалдарының жүргізіліп жатқанына орай өзге деректерді жария ете алмайтынын жеткізді.

Естеріңізге сала кетсек, 26 қазан күні мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Мәдениет және спорт министрлігінің лауазымды тұлғалары ұсталғанын хабарлады. Кейін министрліктің әкімшілік департаментінің директоры Еренай Дәржібаевтың 24 желтоқсанға дейін үйқамаққа алынғаны белгілі болды.