Павлодар облысындағы майқайың алтын кенішінде ішінде адамдар бар автобус биылғы 4 қаңтар күні жер астына түсіп кетті.
ERNUR.KZ. Майқайыңдағы опырылып түскен кеніш түбінде алты жарым ай уақыт жатқан екі құтқарушының бірінің денесі табылды. Туыстары оның Айдос Шаймерденнің мүрдесі екенін нақтылады. Бүгін, 19 шілдеде қайғылы оқиғадан алты ай өткен соң денесі табылған құтқарушы Айдос Шаймерден Павлодар облысында жерленді, деп жазады inform.kz.
Бұл туралы облыс әкімі Асайн Байханов әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Әкім құтқарушының жақындарына көңіл айтты.
«Бүгін, 19 шілде күні «Майқайың-алтын» АҚ тау-кен ауданында опырылған жердегі іздестіру жұмыстары барысында денесі табылған құтқарушы Айдос Шаймерденнің жаназасына қатыстым. Марқұмның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтамын. Марқұмға иман байлығын берсін», - деді әкім.
Облыс әкімі автобус жүргізушісінің денесін табу үшін іздестіру жұмыстары жалғасып жатқанын жеткізді.
«Денесі әлі табылмаған автобус жүргізушісі Айып Тілеубергеновтің отбасымен кездестім. Жақын арада біз оны тауып, туыстарына бере аламыз деген үміттемін. Одан кейін іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатқан жерде болдым. Онда топырақтың сырғып, құлау қаупі болғандықтан, жұмыстар тұрақты негізде аздаған үзілістермен жүргізілді. 17 маусымда сканерлеу арқылы автобустың нақты орналасқан жерін анықтау үшін «Алтыналмас» АҚ мамандары тартылды. Зерттеу нәтижелері бойынша пайда болған шұңқырдың ең түбінен 12 метр тереңдікте автобустың болжамды орналасқан жері анықталды. Қазір шұңқырдың түбінде топырақты қайта экскавациялауды жалғастырып жатыр. Жұмыстар аса сақтықпен және барлық қауіпсіздік нормаларын сақтай отырып жүргізіліп жатыр», - деді ол.
Кейін оқиға орнынан екі адамның денесі табылды.
Кейін құтқарушылар топырақтың жиі қозғалуына байланысты жер қазу жұмыстарын тоқтатқан болатын.
Ал мамыр айында Майқайың алтын кенішінде қос құтқарушыны іздеу жұмыстары қайта жанданғаны туралы хабарлағанбыз.
Марқұм Айдостың жары Нұрсұлу Шаймерден бұған дейін күйеуінің тірі екеніне ешқандай үміті жоқ екенін, құтқарушылар мүрдесін қазып берсе, арулап жер қойнына тапсыру соңғы тілегі екенін айтқан еді.
«Біздің отбасымыз бұл күнді ұзақ уақыттан бері тағатсыздана күткен едік. Құтқарушылар жақын адамдарымызды тауып алатынына сенімдіміз. Кәсіпорын басшылығы айтқандай, ең әуелі ойық маңында кен жыныстарын қазу жұмыстары жүргізіледі. Содан соң кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы Павлодар филиалының құтқарушылары іске кіріседі. Қазіргі уақытта жұмыстар тәулік бойы жүргізіліп жатыр. Бас директор Қайролла Жүрсінбаев жер астында жатқан қос азаматты тауып алған соң ғана шахта іске қосылатынын жеткізді», - деген еді бұған дейін Нұрсұлу Шаймерден Kazinform агенттінінің тілшісіне берген сұхбатында.