Жаз мезгілінде вирусты менингит ауруы жиілейді дейді мамандар.
ERNUR.KZ. Денсаулық сақтау органдары вирусты менингит таралатын маусымның басталғанын ескертеді, деп жазады altaynews.kz.
"Жаз мезгілінде вирусты менингит оқиғалары жиі тіркеледі. Себебі жазда адамдар суға көп шомылады. Күн сәулесінің судың бетін қыздыруы, энтеровирустың көбеюіне әсер етеді," дейді Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Садуақас Байтабұлов.
Сондай-ақ вирус жеміс-жидектер мен көкөністер және адамдар көп шоғырланған жерлерде ауа арқылы да тарайды. Әсіресе балаларға суда шомылу кезінде көбірек жұғатынын баса айтады мамандар.
Вирусты менингитпен көбіне 3-6 жас аралығындағы балақайлар жиі ауырады. Ересектердің аталмыш ауруға шалдығуы сирек кездеседі.
Менингит вирусының бастапқы белгілері: әлсіздік, бас ауруы, дене қызуының көтерілуі, жүрек айнуы және диарея.
Мамандар менингитке қарса арнайы дәрі-дәрмек немесе екпе болмағандықтан, өте қарапайым, бірақ аса маңызды бірқатар ережелерді сақтауға кеңес береді: ашық су айдындарында, фонтандарда шомылмау, қайнақ су ішу, жеке бас тазалығын сақтау, жемістер мен көкөністерді жуып-шайып жеу керек.
Дәрігерлер үйде өз бетінше емделеудің дұрыс еместігін айтады. Ауру асқынып кетуі мүмкін. Сол себепті алғашқы белгілер сыр бергенде-ақ медициналық көмекке жүгіну керек.