Әкімдік жөндеу жұмыстарына байланысты 4270 қожалықта көгілдір отын болмайтынын айтты.
ERNUR.KZ. Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы Маңғыстау ауылында жүк көлік газ құбырына соғып, апатты жағдайды туындатты, деп хабарлайды Хабар24.
«Бүгін сағат 12:50 шамасында Маңғыстау ауылындағы «Бесшоқы» тұрғын үй массивіне кірер жолда ауыр техника тиеген арнайы жүк тасымалдаушы көлігі жоғары қысымды газ құбырын соғып апатты жағдай тудырды. Оқиға орнына коммуналдық мекеме қызметкерлері, жедел-жәрдем, төтенше жағдайлар бөлімі жұмылдырылып, тиісті жұмыстар атқарылуда. Зардап шеккендер жоқ», - деп хабарлады Мұнайлы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі инстаграмдағы ресми парақшасында.
«Бүгін «Бесшоқы» тұрғын үй массивіне кірер жолда арнайы техника тиеген жүк көлігінің жоғары қысымдағы газ құбырына соғып, апатты жағдай тудыруына байланысты бүгін және ертең түске дейін «Бесшоқы» тұрғын үй массивінде, Дәулет, Баянды ауылдарында газ болмайтынын хабарлаймыз. Жөндеу жұмыстарына байланысты 4270 қожалықта көгілдір отын болмайды. Тұрғындардан түсіністік танытуын сұраймыз», - деп жазды әкімдіктің баспасөз қызметі.