Маңғыстау облысының әкімі жылу проблемасына байланысты шенеуніктерге сөгіс жариялады

0
586

Маңғыстау атом энергетика комбинаты (МАЭК) 1968 жылы құрылған.


Маңғыстау облысының әкімі жылу проблемасына байланысты шенеуніктерге сөгіс жариялады

ERNUR.KZ. Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Ақтауда ыстық су мен жылу проблемасына байланысты жылумен қамтуға жауапты шенеуніктерге сөгіс жариялады, деп жазады sputnik.kz.

Аймақ басшысы МАЭК электр станциясының жұмысындағы ақауларды жою бойынша шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекбол Орынбасаров, Ақтау қаласының әкімі Ербол Ізбергенов, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бердібек Қартбаев, "МАЭК" ЖШС бас директоры Талғат Есентүгелов пен оның орынбасары Мұрат Иғалиев сөгіс алды.
Сондай-ақ, Нұрлан Ноғаев жауапты тұлғаларға МАЭК кәсіпорнының жұмысын күнделікті бақылауда ұстауды тапсырды.
"Ыстық су беруді тоқтатудың себебі неде екенін тұрғындар білуі керек. Халық сұрақ қоймасын деген мақсатпен "суды бүгін береміз, ертең таңертең береміз" деп бос уәде берудің қажеті жоқ. Мәселені күрделендіріп алмас үшін оны кешенді түрде шешу керек. Бұл жағдай коммуналдық кәсіпорындар мен құзырлы органдардың жұмысындағы үйлестірудің нашарлығынан болып отыр", - деді облыс басшысы.
Маңғыстау атом энергетика комбинаты (МАЭК) 1968 жылы құрылған.
Ол облыс халқын электр энергиясымен, жылумен, сумен – ауыз сумен, ыстық сумен, техникалық сумен қамтамасыз етеді.
Айта кету керек, Ақтауда ыстық суды тұтыну күрт өсті. Сонымен қатар, аязды ауа райы да кері әсерін тигізді. Осыған байланысты резервуарлардағы су деңгейі күрт төмендеуі байқалды.
Ыстық суды тұтынудың арту себептері желілердегі ажыраулар, сондай-ақ жылу құрылғылары арқылы желілік ағынды арттыру үшін көппәтерлі тұрғын үйлердің жылу тораптарындағы кері желіден суды кәрізге ағызу болуы мүмкін.
МАЭК басшылығы сығымдау қондырғысын жөндеуге байланысты ауыз судың қысымын төмендетті. Бұл Ақтауға ыстық су беруді шектеуге себеп болды. Әкімдік жағдайды жою үшін барлық күш жұмылдырылды деп сендірді.