18 наурызда мәжіліс қашықтықтан жұмыс істеу режиміне көшті. Төменгі палатаның жалпы отырыстарына тек депутаттар мен әр заң жобасы бойынша негізгі баяндамашылар қатысады.
ERNUR.KZ. Жасы алпыс бестен асқан депутаттар мәжілістің жалпы отырыстарына қатыспайды. Бұл туралы төменгі палата төрағасы Нұрлан Нығматулин мәлімдеді, деп жазады sputniknews.kz.
Әдетте мәжілістің жалпы отырысы әр сәрсенбі сайын өткізілетін, бірақ мереке күндеріне байланысты пленарлы отырыс бейсенбі, 26 наурызда өтті.
"Бүгінгі жалпы отырыстың форматы біршама өзгерді. Біздің кейбір әріптесіміз бүгінгі отырысқа қатысқан жоқ. Бірақ, алаңдамаңыздар, бәрі аман, дені сау. Біз жасы 65-тен асқан кейбір әріптесімізге дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынымдарына сәйкес жалпы отырыстарға қатыспай, үйде отыруға кеңес бердік",- деді спикер.
Нығматулин кворум (107 депутаттың 2/3) зейнеткер депутаттардың қатысуынсыз-ақ пленарлы отырыс өткізуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
"Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының санитарлық нормаларына сәйкес депутаттардың отыратын орны да өзгерді. Құдды бизнес кластағыдай", - деп әзілдеді мәжіліс төрағасы.
Айта кетсек, 18 наурызда мәжіліс қашықтықтан жұмыс істеу режиміне көшті. Төменгі палатаның жалпы отырыстарына тек депутаттар мен әр заң жобасы бойынша негізгі баяндамашылар қатысады. Бүгін пленарлы отырысқа 107 депутаттың 82-і қатысып отыр.
Еске сала кетсек, бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев 55 жастан асқан адамдардың үйде отыруын қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Өйткені олар коронавирус бойынша қауіп-қатер тобына кіреді.