Науқас өз бетімен дене қызуын түсіретін препараттар қабылдап медициналық көмекке кеш жүгінген.
ERNUR.KZ. 2018 жылдың 2 желтоқсанында Ақтөбе қаласында менингококкты инфекцияның 1 дерегі тіркелді, деп жазады 24.kz.
Науқас 2002 жылы туған мектеп оқушысы. Эпидемиологиялық тексеру барысында анықталғаны науқаста жөтел, мұрыннан су ағу, суық тию, тамақтың ауыру симптомдары пайда болып 2018 жылдың 25 қарашасынан бері ауырған. Өкінішке орай, науқас өз бетімен дене қызуын түсіретін препараттар қабылдап медициналық көмекке кеш жүгінген.
02.12.2018 ж. дене жағдайы нашарлағаннан кейін, яғни ауру басталғаннан 7 күн өткен соң науқас медициналық көмекке жүгініп Ақтөбе облыстық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды. Бүгінгі күні стационарлық ем алуда. Бактериологиялық зерттеу қорытындысы бойынша науқастың қанынан (ПТР) менингококкты инфекцияның қоздырғышы анықталды
Neisseria meningitidis. Жұқпалы аурулар ошағында науқаспен қарым-қатынаста болған 39 адам бактериологиялық тексерілді, нәтижелері жұмыс үстінде. Қарым-қатынаста болғандар медициналық бақылауға алынды. Аурудың одан әрі таралуына жол бермеу мақсатында санитариялық - эпидемияға қарсы (профилактикалық) іс-шараларды өткізу туралы қаулы шығарылды.
Менингококкты инфекция - жұқпалы ауру, ол ауа-тамшы жолымен беріледі, тығыз байланыс болған жағдайда аурудың тез таралуына ықпал етеді. Қоздырғыш сыртқы ортада тұрақсыз, күн сәулесі, дезинфекциялау әсерінен тез өледі.
Ақтөбе облысы аумағында үстіміздегі жылдың 11 ай ішінде аталған жағдайды қоса алғанда менингококкты инфекцияның 6 жағдайы тіркелді. Аурушаңдық көрсеткіш 100 мың тұрғынға шаққанда 0,70 құрады. Жас құрамы бойынша 14 жасқа дейінгі балалар арасында 4 жағдай тіркелді (2017ж 11 айы – 7 жағдай).
Менингококкты инфекцияның алдын алу шаралары: - жүйелі түрде спортпен айналысып және дұрыс тамақтануды ұстана отырып, өздеріңіздің иммундық жүйелеріңізді сақтау; - ауа-райына қарай киініп жүру; - бөлмелерді жиі желдетіп, күн сайын ылғалды тазалау қажет; - нашар желдетілетін үй-жайларда адамдардың көп жиналатын орындарына қажетсіз баруды шектеу;
Ең бастысы аурудың алғашқы белгілері пайда болған жағдайда (мұрыннан су ағу, тамақтың қырнап ауруы, құрғақ жөтел, жоғары температура 38-40С дейін, құсу, бас ауыруы) дер кезінде медициналық көмекке жүгіну қажет! Өзін-өзі емдеумен айналыспаңыз!