Мемлекеттік инспекторлар еңбек заңнамасының сақталуы бойынша 5 мыңнан астам тексеру жүргізді

0
110

Жыл басынан бері еңбекақы бойынша 2 млрд теңгеден астам берешек анықталды.


Мемлекеттік инспекторлар еңбек заңнамасының сақталуы бойынша 5 мыңнан астам тексеру жүргізді

ERNUR.KZ. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің төрағасы Мейрамбек Ахметов ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында мемлекеттік еңбек инспекциясының қызметі жөнінде айтты. Спикер ведомство тарапынан еңбек заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ету мәселелері ерекше бақылауда тұрғанын хабарлады.

«Осы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары 5 300 тексеру жүргізіп, еңбек заңнамасын бұзудың 6 500 фактісін анықтады. Қазіргі таңда олардың 80%-ы жойылды. Ең көп құқықбұзушылықтар – 5 мыңнан астам жағдай (80%) еңбек қатынастары саласына тиесілі. Атап айтқанда, еңбекақының уақытылы және толық көлемде төленбеуі, еңбек шарттарын рәсімдеу және тоқтату тәртібінің сақталмауы, сондай-ақ қызметкерлердің демалыс алу және жұмыстан босату кезіндегі кепілдіктерінің бұзылуы жиі кездеседі. Қалған 1 мың бұзушылық (18%) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелеріне байланысты. Негізгі проблемалар: қажетті арнайы киім мен жеке қорғаныс құралдарының болмауы, техника қауіпсіздігі талаптары мен нұсқаулықтардың сақталмауы, сондай-ақ өндірістегі жазатайым оқиғаларды уақытылы тергемеу немесе оларды жасыру. Жұмыс берушілерге 3 369 міндетті ұйғарым беріліп, 428 млн теңгеден астам сомаға әкімшілік айыппұлдар салынды», – деді Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің төрағасы.

Жыл басынан бері еңбекақы бойынша 2 млрд теңгеден астам берешек анықталды. Мемлекеттік инспекторлар оның 86%-ын өндіріп берді. Бақылау шараларының нәтижесінде шамамен 50 мың жұмыскердің құқықтары қорғалды.