Министр Қазақстандағы “жаңа ҰБТ“ қандай болатынын айтты

0
88

Талапкерлерді іріктеу кезінде ескерілетін критерийлер қазірдің өзінде жазылған.


Министр Қазақстандағы “жаңа ҰБТ“ қандай болатынын айтты

Фото: instagram.com/testcenterkz

ERNUR.KZ. Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестілеудің (ҰБТ) баламасы – Admission Insight Test іске қосылады. Жаңа тест АҚШ мамандарымен бірлесіп әзірленіп жатыр, деп жазады tengrinews.kz.

27 сәуірде Мәжілісте өткен Үкімет сағатында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек АҚШ-қа сапарының қорытындысы бойынша ETS компаниясымен серіктестікте жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып, Admissions Insights Test жаңа тестін әзірлеу басталғанын еске салды.

"AIT халықаралық стандарттар мен дағдыларды бағалауды ескере отырып, Ұлттық бірыңғай тестілеуді кезең-кезеңімен трансформациялау үшін әзірленіп жатыр", - деді Саясат Нұрбек.

Брифингте министрден талапкерлердің нақты қандай дағдылары туралы сөз болып отырғаны және олардың AIT тестінің балдарына қалай әсер ететіні сұралды.

"Бұл біз америкалық фильмдерден көргендей, оқушылар колледжге түсу үшін спортпен шұғылданып, қоғамдық өмірге араласып, волонтерлікпен айналысуы керек болатын жүйеге ұқсас бола ма?" - деп сұрады министрден.

Саясат Нұрбек "жаңа ҰБТ-да" талапкерлердің білімі ғана емес, сонымен қатар олардың бастамашылдығы, көшбасшылық қасиеттері мен өмірлік құндылықтары ескерілетінін айтты.

"Біз бұл компанияға (ETS - ескертпе) тәуелді болмаймыз. Бұл біздің жеке тестіміз болады, бұл келісімшартта нақты жазылған. Қазақстан Республикасына, атап айтқанда, Ұлттық тестілеу орталығына тиесілі барлық жеке құқықтарды америкалық мамандар емес, әдістеме бойынша біздің мамандар әзірлейтін болады. Сондықтан біз қазір тестологтар тобын ETS компаниясының кампусында арнайы оқудан өтуге жіберіп жатырмыз. Бұл америкалық әріптестермен бірлесіп әзірленген, зияткерлік меншігі мен құқықтары бізге тиесілі қазақстандық тест болады", - деп толықтырды Нұрбек.

Оның айтуынша, талапкерлерді іріктеу кезінде ескерілетін критерийлер қазірдің өзінде жазылған. Министрлік оларды кейінірек ұсынады. Ал балдарға қатысты мәселе – оны қазақстандық және американдық мамандар әлі де пысықтап жатыр.